Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек заңнамасы саласындағы мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру нысанында жүзеге асырады. Тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде жүргізіледі. 2026 жылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша Астана қаласында 4 кәсіпорында 73 жұмыскерге 22,8 млн теңге мөлшерінде жалақы бойынша берешек бар. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмагулов баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикердің айтуынша, аталған ұйымдарда тексеру іс-шаралары жүргізіліп, жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, міндетті түрде орындауға жататын нұсқамалар енгізілді, сондай-ақ материалдар мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жолданды. Банкрот кәсіпорындарда және оңалту рәсіміндегі кәсіпорындарда 169 жұмыскерге 53,7 млн теңге мөлшерінде берешек бар. Берешекті өтеу «Оңалту және банкроттық туралы» заң шеңберінде конкурстық басқарушылар тарапынан жүзеге асырылады.
-2026 жылдың өткен кезеңінде 181,4 млн теңгеден астам жалақы бойынша берешек өтеліп, 736 жұмыскердің еңбек және конституциялық құқығы қорғалды. Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 10 202 өтінішті қарап, 271 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы 125 нұсқама беріліп, 114 заңды және жеке тұлға жалпы сомасы 22,2 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратурамен бірлесіп, тәуекел деңгейі жоғары тізімге енгізілген жұмыс берушілермен кездесулер өткізеді. Әкімдік жанында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссия жұмыс істейді. 2026 жылы комиссияның 3 отырысы өткізілді, - дейді Ерлан Исмагулов.
Профилактикалық жұмыс аясында мемлекеттік еңбек инспекторлары Астана қаласының прокуратурасы және Кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, 2 870-нен астам жұмыскерді қамтыған 30 көшпелі іс-шара өткізді. Негізгі назар қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге және жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға аударылды.
Құрылыс объектілерінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданыла бастады. Жұмыс прокуратура және қала полиция департаментімен бірлесіп жүргізілуде. Жыл басынан бері 13 жұмыс беруші жалпы сомасы 1,1 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Әуеден мониторинг жүргізу қарапайым тексеру барысында анықтау қиын болатын бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.