Балалар құқығын қорғау басқармалары басшыларына арналған алғашқы республикалық оқыту семинары басталды

Балалар құқығын қорғау басқармалары басшыларына арналған алғашқы республикалық оқыту семинары басталды
фото: Оқу-ағарту министрлігі

Астана қаласында өңірлік деңгейде балалардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға арналған алғашқы республикалық оқыту семинары басталды. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Үш күндік оқытудың негізгі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері бойынша бірыңғай түсінік қалыптастыру, олардың қызметін ұйымдастырудың ортақ тәсілдерін айқындау және бала құқықтарын қорғау жүйесіне қатысушылардың өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету.

Семинардың ашылу рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева және Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі, доктор Рашед Мұстафа Сарвар қатысты.

Оқыту семинарына 60-тан астам маман қатысуда. Олардың қатарында балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының басшылары, бейінді бөлімдердің жетекшілері, сондай-ақ өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдер бар.

Семинардың ашылуында жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы бірлескен жұмыс пен әріптестіктің маңыздылығы атап өтілді. Балалардың құқықтарын қорғау бойынша дербес басқармаларды құру – Оқу-ағарту министрлігі мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының жүйелі өзара іс-қимылының нәтижесі.

Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға стратегиялық сараптамалық және техникалық қолдауды көптеген жылдар бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) көрсетіп келеді. Қордың сараптамалық және техникалық қолдауымен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Сонымен қатар, өткен жылы ЮНИСЕФ-тің қолдауымен қорғаншылық және қамқоршылық органдарының 600-ге жуық маманы оқытудан өтті.

Үш күн бойы қатысушылар жаңа заңнамалық тәсілдерді, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізгі бағыттарын, тәуекелдерді ерте анықтау, кейс-менеджментті енгізу және құқық қорғау органдары мен соттармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылайды. Оқыту «Балалық шақты қорғаудың өңірлік жүйесін жобалау» стратегиялық сессиясымен қорытындыланады.

Алынған білімдер басқармалардың өңірлердегі балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиімді іске асыруға берік негіз болады деп күтілуде.