Арбадағы теннистен Қазақстан чемпионаты басталды

Арбадағы теннистен Қазақстан чемпионаты басталды

Елордадағы «Дәулет» теннис орталығында арбадағы теннистен Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дүкетаев пен Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев қатысты. Олар қатысушыларға жарыста сәтті өнер көрсетуіне тілектес екенін білдірді.

«Арбадағы теннис Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі саналады. Жыл сайын осы спортпен айналысатын спортшылар саны артып, қатысушылар географиясы кеңейіп келеді. Бүгінде қазақстандық теннисшілер халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Биыл арбадағы теннистен Қазақстан чемпионаты бесінші рет өткізіліп отыр. Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасына енетін ең мықты спортшылар анықталады», – деді Болатбек Дүкетаев.

Чемпионатқа Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан келген 40-қа жуық спортшы қатысуда.

Жарыстар ерлер, әйелдер және аралас жұп арасында Open және Quad санаттары бойынша өтіп жатыр.

Турнирде елорда намысын Дінмұхамед Әлияқпаров, Қайнар Нұрлыбек, София Степанова және Әлібек Әменов қорғайды.
Қазақстан чемпионаты 20 маусымға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енетін үздік спортшылар анықталады.