Еңбегі ерен жан

Еңбегі ерен жан
фото: Астана қаласының әкімдігі

Халық даналығында «Бір тал кессең – он тал ек» деген тәмсіл бар. Бұл – мақал-мәтел айналаға қамқорлықпен қарауға үндейді. Шынында да, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау әрбірімізге қасиетті борыш. Сондықтан, оны ардақтау абыройлы іс.

Елорданы көгалдандыруға үлес қосып жүрген Еңбек адамының бірегей – Аманжолов Әлібек. Ол – «Астана-Көгалдандыру құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, Байқоңыр ауданы бойынша инженері болып нәтижелі қызмет істеп келеді. 

Бүгінде оның көгалдандыру саласында еңбек етіп келе жатқанына 25 жыл толып отыр. Ол өзінің өмір жолындағы тәжірибесімен бөлісті. 

– 2001 жылдан бері Астанада көгалдандыру бағытында еңбек етіп келемін. Алғашқыда қарапайым жұмысшы болып жұмысқа кірдім. Кейін уақыт өте келе, еңбегімен қарай бригадир деңгейіне көтерілдім. Содан соң шебер, прораб болдым. Бүгінде инженер ретінде қызмет істеп келеміз, – дейді еңбек адамы.

Біздің кейіпкер – бұл сала қаланың абаттандырып қана қоймай, тұрғындардың ыстық ықыласына бөлейтінін жеткізді. Яғни, ағаш отырғызып, гүл егу – кәделі іс деп байыптайды.

– Біздің шаруа – ағаш егу. Әсіресе көктем мен күзде көшет отырғызу ісі қарқынды түрде жүреді. Мәселен кеше ғана сенбілік өтті. Соған 400-500 шамасында ағаш дайындалды. Сонымен қатар, гүл егеміз. Гүлдің өзі 1 жылдық және 4 жылдық мерзімге жарамды деп бөлінеді. Шөбін шабамыз, суғарып, баптаймыз. Түнгі уақытта бәз-біреулер ағаштарды оқта-текте сындырып кететін жағдайларда болады. Көбінесе үлкен кісілер батасын беріп, халық ісімізге ризалығын білдіріп жүреді. Еңбегіміз еленіп келеді, – деп түйді Аманжолов Әлібек.

 Айта кетейік, Еңбек күні қарсаңында, «Еңбек жолы» байқауы аясында «Өндірістің үздік жас маманы» номинация бойынша, қалалық кезеңде екінші орынды Аманжолов Әлібек иеленді. Демек, аянбай еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі еленіп, лайықты марапат алса, елдің гүлденіп келе жатқанын білдіреді.