Қазақ халқының дүниетанымында «еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бар. Тегі – рас сөз! Таңнан кешке дейін еңбек ететін жандар көп. Әсіресе техникалық мамандықтар саласында істейтіндер күндіз-түні бел жазбайды. Белгіленген тәртіппен қызмет атқарады. Осы орайда бір сәт тыныстап, еңбек адамының жай-күйін білмекке ұмтылдық.
Біздің бұл жолғы кейіпкеріміз – Манарбекұлы Данияр. Ол «Астана аймақтық электр желілік» АҚ Байқоңыр аудандық электр желілерінің жетекші инженері болып істейді. Кейіпкеріміз еңбек жолы туралы егжей-тегжейлі сыр шертті.

– Семей қаласындағы Электротехникалық колледжін 2013-2016 жылдары оқып бітірдім. Электр механигі мамандығын игердім. Одан кейін 2016-2019 жылдары Агротехникалық зерттеу университетінде электр энергетикасы саласы бойынша оқыдым. Содан соң 2019-2021 жылдары осы саланың магистрі дәрежесін қорғадым. Сөйтіп білімді толықтырдым, – деп сөз бастады.
Сонымен қатар, Данияр оқуларын бітірген соң, бірден өндіріс саласында жұмысқа табан тіремей, бар жиған-терген біліктілігін, дәріс беруден бастапты. Бұл оның шеберлігін ұштап, өндірістік жұмысқа енуіне септескенге ұқсайды.

– Семей қаласындағы Электротехникалық колледжінде арнайы пәндер оқытушысы болып істедім. 2021 жылы 14 қазанда, Астана қаласы РЭК АҚ Байқоңыр ауданындық электр желілерінде электр монтері болып жұмыс жасадым. Яғни, Байқоңыр ауданындағы қосалқы станцияларға, әуе желілеріне қызмет көрсетіп жүрдік. Келесі жылы білімімді күшейтіп, инженерлікке ауыстым. Сол инженерлік баспалдақпен 2024 жылы жетекші инженер лауазымына ойыстым. Қазіргі таңда осы қызметті атқарып келемін, – деп ой бөлісті.
Электр энергетикасы саласындағы жас маманының айтуынша, бұл салада әрдайым ізденісте болу керек екен. Сонымен қатар, сақтық шараларын қатаң сақтау қажет көрінеді. Өйткені жұмыстан үйге аман-есен оралу – лазым. Сонымен бірге, техникалық бағытта қазақ тілінің мерейі артып келе жатқанын алға тартты.
– Бұл саланың адамдары көбіне көп орыс тілді болды. Бастапқыда үйренісу қиын болғанымен кейін, жақсылап игердік. Мемлекеттік тілге көңіл бөлініп келеді. Өз саламызды қазақ тілді етуге тырысамыз. Мәселен «напряжение » – кернеу, «мастер» – шебер, деген сияқты қазақша баламасымен қолданған абзал. Әріптестерім де қазақша техникалық терминдерге құлақ үйрете бастады. Айтып, үйренем деген жанға түк қиындығы жоқ, – деп санайды.
Сондай-ақ, Данияр Манарбекұлы, күн, жел, су энергиясының барлығының да тиімді қолданғанды құп көреді. Әсіресе, елде салынып жатқан АЭС 100 % қолдайды. Өйткені, бұл электр тапшылығын шешуге септеседі деген пайымда. Себебі, жыл өткен сайын халықтың саны артып, тұрғын үйлер көбейіп, энергия тұтыну жиілеп барады екен. Ал мұндай істер, электр энергетикасы тапшылығын болдырмауға жәрдемдесетін көрінеді.
Сонымен қоса, өзіне қолдау білдіріп жүрген жандарға бір ауыз лебізін білдірді.
– Бұл саланың мамандары жаздың ыстығында, қыстың ыстығында, апаттық жағдайда да жұмыс істейді. Біздің отбасыларымыз бәрін түсінеді, қолдайды. Маған үнемі қолдау білдіріп, тілеуімді тілеп жүрген, қымбатты ата-анама, аяулы әпкеме, жан-жарыма үлкен ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ өзімді қолдап-қуаттап жүрген әріптестеріме, барша жанашыр жандарға да алғысым шексіз. Жалпы, адам алдына дұрыс мақсат қойып еңбек етсе, сөзсіз нәтижеге жетеді деп сенемін, – деп түйді Данияр Манарбекұлы.
Жуықта ғана, Данияр Манарбеков «Өндірістің жас маманы» номинация бойынша Астана қаласы, одан кейін республикалық деңгейде 1-орын иеленіпті. Осылайша жас маманның еңбегі жоғары дәреже бағаланып, еленіпті. Осындай білікті, патриот әрі қолынан іс келетін жастар, Қазақстанның жарқын болашағы бар екендігін айғақтайды.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ