Тарихи мәні зор Ұлттық мереке – Республика күні ең алдымен, мемлекетшіл рухты көтеретін, елдікке үндейтін ұлы күн. Осындай айтулы мерекеге орай, Астанадағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде күзгі шақырылымның сарбаздарынан ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында сап түзеген 750-ге жуық сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді. Әскери бөлімнің ант беру рәсіміне үлкен дайындық жасауының өзі жас сарбаздарға Отан алдындағы жауапкершілік жүгінің салмағын ұқтыра түсті. Бір-бір отбасының еркелерінің балалықты артқа тастап, ел алдындағы борышын өтеуге шешім қабылдап, сап түзеуі – өжет қадам. Ант беру рәсімін тамашалап отырып, рухымыз асқақтады. Көңілге «ел тыныштығын күзететін айбынды әскеріміз бар» деген мақтаныш сезім ұялады. Елдік сезімді оята түсетін ерекше көрініс. Сап түзеген сарбаздардың сымдай тартылып тұрғаны, маршпен қадам басып, алға озып, Ант беруі... Осы сәтке куә болған бес мыңдай ата-анамен бірге, біз де іштей жинақталып, бой түзедік.

Сап түзеген сарбаздарға «Ұлттық ұлан» Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бекайдар Қазкеев сәттілік тілеп, әскери борышқа адал болуына тілектестігін жеткізді, Ішкі және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын атап өтті. Ұландар – ұлттың, өз Отанының тыныштығының күзетінде.
Айта кету керек, қазіргі кезде «Ұлттық ұланның» 7 мыңнан астам сарбазы Қазақстанның 21 қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосуда. Одан бөлек 2 мыңнан астам Ұландар маңызды мемлекеттік обьектілер және қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерін күзетіп жүр.
Бағдагүл Рахметқызы,
журналист