"Астана" ХҚО-ның Tech Hub орталығы FinPro мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасын таныстырды

"Астана" ХҚО-ның Tech Hub орталығы FinPro мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасын таныстырды
фото: aifc.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Tech Hub орталығы Қазақстан жастарының қаржылық, цифрлық және технологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған FinPro мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасын таныстырды. Енді пайдаланушылар жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, оқу қорытындысы бойынша электрондық сертификаттар алып, интерактивті ойын тапсырмалары арқылы алған білімдерін бекіте алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

FinPro қосымшасының ауқымды жаңартуы аясында үш жаңа білім беру модулі іске қосылды.

Жасанды интеллект курсы. Жаңа білім беру курсы оқушыларды жасанды интеллект негіздерімен, оның жұмыс істеу қағидаттарымен және күнделікті өмірде қолдану мүмкіндіктерімен таныстырады. Оқу бағдарламасы жас буынның ерекшеліктеріне бейімделген қысқа бейнесабақтар мен ақпараттық карточкаларды қамтиды.

Сертификаттау модулі. Кез келген курсты сәтті аяқтаған пайдаланушыларға AIFC Academy атынан білім беру бағдарламасынан өткенін растайтын электрондық сертификат беріледі. Сертификаттау жүйесі әр пайдаланушының жеке жетістіктерін тіркеуге және одан әрі білім алуға деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Барсикті өсір» ойын модулі. Интерактивті оқытудың жаңа форматы пайдаланушыларға жағдаяттық тапсырмаларды шешіп, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Модульдің басты кейіпкері – виртуалды Барсик есімді мысық. Ол әр дұрыс жауап сайын өсіп, пайдаланушының оқу барысындағы жетістіктерін көрнекі түрде көрсетеді. Ойын механикасы сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға және білім беру үдерісіне қызығушылықты арттыруға бағытталған.

FinPro мобильді қосымшасы 2026 жылғы ақпанда іске қосылды. Ол жеке қаржы әлеміне алғашқы қадам жасап жатқан мектеп оқушыларына арналған. Қосымша білім беру материалдарын, практикалық тапсырмаларды және ойын элементтерін біріктіріп, қаржылық сауаттылықты меңгеру үдерісін қолжетімді әрі қызықты етеді.

«Жаһандық цифрлық трансформация жағдайында адами капиталды дамыту және жастардың технологиялық құзыреттерін қалыптастыру ерекше маңызға ие. FinPro жобасы арқылы біз қаржы, жасанды интеллект және заманауи технологиялар әлемінде сенімді бағдарлай алатын Қазақстанның жаңа буыны үшін қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін қалыптастыруға ұмтыламыз. Бұл – АХҚО-ның инновациялық экожүйесін дамыту бағытындағы жұмысымыздың маңызды бөлігі», – деп атап өтті АХҚО Әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев.

FinPro қосымшасының жаңартылуы дәстүрлі білім беру құралдарын ойын механикаларымен және практикалық тапсырмалармен толықтыруға негізделген цифрлық білім берудің жаңа тәсілін көрсетеді.

«Біз үшін оқушылардың білім алып қана қоймай, оны қызығушылықпен тәжірибеде қолдануы маңызды. Осы мақсатта білім беру контентін, интерактивті тапсырмаларды, ойын элементтерін және сертификаттау жүйесін бір қосымшаға біріктірдік. Әрбір дұрыс жауап пайдаланушының жетістігін айқындайтын көрсеткішке айналса, оқуды аяқтау жеке жетістік ретінде бағаланады. Біздің мақсатымыз – білім алуды міндет ретінде емес, қайта оралғың келетін қызықты үдеріс ретінде қалыптастыру», – деді АХҚО Tech Hub орталығының бас директоры (CEO) Қуаныш Дәирбеков.

Жобаны одан әрі дамыту аясында FinPro командасы Қазақстан мектептеріне бірқатар таныстыру сапарларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сапарлар барысында оқушылар қосымшаның жаңа мүмкіндіктерімен танысып, білім беру курстарынан өте алады.

FinPro қаржылық сауаттылықты, жасанды интеллектті және заманауи цифрлық технологияларды біріктіретін кешенді білім беру платформасы ретінде дамуын жалғастыруда.

Мобильді қосымшаны App Store және Google Play платформаларынан жүктеп алуға болады.