Астана полициясы 9 айдағы жұмыс қорытындысын шығарды

Астана полициясы 9 айдағы жұмыс қорытындысын шығарды
фото: polisia.kz

Астана қаласының Полиция департаментінде қызмет басшылары мен аумақтық бөліністердің басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Жиында ағымдағы жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңде елорда тұрғындарының құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Астанада қылмыс деңгейінің 17,5%-ға төмендегені байқалады. Азаматтарды цифрлық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстардан қорғау басты бағыттардың бірі болып қала береді. Қалада интернет-алаяқтық фактілері 15,1%-ға азайған. Есірткі қылмысының жолын кесу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 440 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі, сондай-ақ бір есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды.

Елорда жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Полиция департаменті қала әкімдігімен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Жұмыста заманауи технологиялар белсенді қолданылуда. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендер, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылуда.

Сонымен қатар қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 17,5%-ға өскен. Осыған байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейту және жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді.

«Азаматтардың қауіпсіздігі мен елордадағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету — біздің басты басымдығымыз. Бірқатар бағыттар бойынша оң динамиканың қалыптасуы қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігін көрсетеді. Сонымен қатар қосымша назар аударуды қажет ететін проблемалық мәселелерді де көріп отырмыз. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, ең алдымен елорда тұрғындарының қауіпсіздігіне бағытталуы тиіс», — деді Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Кеңес қорытындысы бойынша қызметтер мен аумақтық бөлімшелердің басшыларына қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты міндеттер жүктелді.