Құрметті астаналықтар! Сіздерді Елорда күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Астана – әрбіріміздің тағдырымызбен өріліп, бірге өркендеп келе жатқан қала. Оның әрбір даму кезеңі – елорданы жан-тәнімен сүйіп, күнделікті еңбегімен қаламыздың ажарын ашып, оны заманауи әрі жайлы шаһарға айналдыруға үлес қосып жүрген тұрғындардың бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Елордамызды барлық бағытта жүйелі түрде дамытып келеміз. Әлеуметтік нысандар салып, қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейтіп жатырмыз, сол сияқты аудандарды абаттандыру, көлік жүйесін жетілдіру арқылы қалалық ортаның сапасын кезең-кезеңімен арттырып келеміз. Алдағы уақытта да Астананың өмір сүруге, жұмыс істеуге, білім алуға және ұрпақ тәрбиелеуге барынша қолайлы мүмкіндіктер қаласы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз.
Астанада мереке күндері 200-ден астам іс-шара өтеді. Олар: фестивальдер, спорт жарыстары, театр премьералары, отбасылық іс-шаралар, ұлттық ойындар, шығармашылық бағдарламалар және т.б. бар.
Әр шаңырақта бейбітшілік пен береке, өзара сыйластық пен татулық салтанат құрсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық пен шаттық, толайым табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін!
Мереке құтты болсын! Елорда күні құтты болсын!
Жеңіс Қасымбек,
Астана қаласының әкімі