Аспан астындағы жарқын жоба

Аспан астындағы жарқын жоба
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Президенттік саябақта «TAZA FEST ASTANA» экологиялық фестивалі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара аясында экологиялық бастамалар, қоғамдық диалог алаңдары, танымдық көрмелер мен мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.
Бағдарламада кітап көрмесі, LEGO құрастырғыштары, интерактивті тир, үстел ойындары, сурет салу шығармашылық алаңы және демалыс аймағы қарастырылған.
Қатысушылар экологиялық жобаларын, робот үлгілерін, «жасыл қала» макеттерін, су мен ауаны тазарту жүйелерін және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өзге де тың әзірлемелерін таныстырды.

-    Күн көзінен қуат алатын жобамды алып келіп отырмын. Ұстаздарымның кеңесіне құлақ түре отырып, осы жобаны жасап шықтым. Енді бұған қызығушылық танытатын адамдар болады деп есептеймін. Егер осы жобам жүзеге асатын болса, тигізер пайдасы орасан, -деді М. Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Сәбина Серимхан. 


Фестиваль барысында экоөнімдер жәрмеңкесі мен «Marwin» қолдауымен ұйымдастырылатын балалар мен отбасыларға арналған ойын-сауық аймағы, арнайы көрме сап түзеген. Сонымен қатар, «Заң және тәртіп – есірткіге жол жоқ!» ақпараттық-профилактикалық ашық алаңы орналасқан. 

-    Бұл жерде «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» аясында ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі шараны екі жүзден астам адам тамашалады. Жобаға қатысу үшін отызға жуық мамандардан өтініш түсті. Біз шараға қатысушыларды арнайы алдырғанымыз жоқ, барлығы өз еркімен келіп қатысуда. Байқағандарыңыздай «Жастар және қала» диалог алаңы орналасқан. Фестивальдің басты оқиғаларының бірі – аудан әкімі мен қоғам белсенділерінің жастармен ашық кездесуі. Диалог барысында экология, қалалық ортаны дамыту және жастар бастамаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, -дейді Астана қаласы Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген.