Елордадағы С. Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейде Республика күні қарсаңында әскери-патриоттық әндер қалалық фестивалінің финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Әскери-патриоттық әндер байқауы» фестивалі «Жас Сарбаз – намыс пен рух алаңы» жобасы аясында «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Астана қаласындағы филиалының бастамасымен және елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іріктеу кезеңіне 60 адам қатысып, олардың 10-ы финалға жолдама алды.
«Қалалық финалдың қорытындысы бойынша республикалық фестивальге қатысушылар іріктеледі. Іс-шараның мақсаты – жас сарбаздардың шығармашылық, спорттық және басқа да қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру», – деді «Жас Сарбаз» қозғалысы елордалық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет.

Финалға қатысушылардың бірі – №37 мектеп-лицейдің оқушысы Есімхан Тәжібай. Ол әйгілі патриоттық «Мен – қазақпын» әнін орындады. Жас өнерпаз сахнада хордың сүйемелдеуімен жеке ән шырқады.
Есімханның айтуынша, фестиваль оқушылардың бойына отансүйгіштік рухын сіңіріп, туған еліне деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
«Патриотизм – жауапкершілік. «Жас Сарбаз» қозғалысының басты идеясы да осы. Әскери форма киген әрбір қатысушы оны құрметтеп, ел алдындағы борышын сезіне білуі керек», – деп есептейді ол.
Фестиваль жастар арасында патриотизмді тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, Қазақстан тарихы мен ел қорғаған азаматтардың ерлігіне құрметпен қарауға бағытталған.