Ардагерлер – қоғам жанашыры

Ардагерлер – қоғам жанашыры

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, әлеуметтік әділеттілікті орнату және экономикалық әлеуетті нығайту ісінде аға буынның өмірлік тәжірибесі мен интеллектуалдық әлеуеті мемлекеттік реформалардың қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Осы тұрғыда ардагерлер қозғалысы қоғамдық сананы трансформациялауға және ел дамуындағы өзекті тәрбие міндеттерін шешуге бағытталған өз стратегиясын ұсынады.

Таяуда республикалық БАҚ-та «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру және «Адал азамат» тұжырымдамасын қалыптастыру бағытын қолдауға арналған «Даналық формуласы» атты мақаласы жарық көрді. Аға буын өздерінің басты рөлін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы тұжырымдамасын қалыптастыру жөніндегі стратегиялық бағытын қолдаудан көреді. Қоғам берік моральдық тірекке мұқтаж және дәл осы ардагерлер активі өскелең ұрпақты тәрбиелеу миссиясын өз мойнына алуға дайын. Бұл жұмыс негізі 7 іргелі бағыт бойынша құрылады, олардың әрқайсысы қазіргі кезеңде ерекше өзекті, терең идеологиялық әсерге ие және сәтті жүзеге асқан жағдайда елдің терең ойлайтын, әділ азаматының жаңаруы мен қайта өрлеуіне ықпал етеді. Бұл мәліметтерді жиналған жұртшылыққа Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин жеткізді.

«Адал азамат» атты дөңгелек үстелді ұйымдастырып отырған: Астана қаласы Алматы ауданының ардагерлер кеңесі. Аталған кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның ардагер журналисі Ғалия Балтабай, Астана қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Серік Қарабатыров, Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесі президиумының және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Зияткерлер клубының» мүшелері қатысты.

Әбілғазы Құсайыновтың ауқымды мәселелерге байланыс­ты мақалада айтылған «7 басым бағыт» негізін талқылауды дамыту үшін сөз Ғалия Құсайынқызына берілді. Ғалия Құсайынқызы ең алдымен ел Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Адал табыс, Адал еңбек, Адал адам» қағидасына байланысты осы ұғымдардың адам бойында қатар жүретін ең жақсы қасиеттер екеніне тоқталды. Ең бастысы, әр ата-ана өз ұрпағын еңбекқор, адал, әділ, кішіпейіл, патриот етіп тәрбиелеуі керек. «Әділетті Қазақстанды» құру үшін тек саяси-экономикалық реформаны жасау жеткіліксіз, алдымен адамзат баласының ниетін өзгерту қажет.

«Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Адал табыс, Адал еңбек, Адал адам» қағидатын нақтырақ айтсақ: жемқорлармен күресетін, адал адам тәрбиелейтін, Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі бекітетін – асыл құндылық.

Ардагерлер арасында өмір көрген, тәжірибесі мол, адал адамдар жеткілікті. Олар өздерінің алған жақсы тәрбиесін жастарымыздың санасына жеткізуі керек, бұл – біздің парызымыз. Қазіргі қоғамда болып жатқан келеңсіз жайлардан жастарды хабардар ете отырып, ұрпағымызды Отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеу­ге үйретіп отыруымыз қажет. Осы ойларды ортаға салған журналистің пікірі жиналған көпшілікке қатты ұнады.

«Адал азамат» тұжырымдамасын талқылауға Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Зияткерлер» клубының мүшесі, журналист Тоғайбай Рысбек, «Зияткерлер» клубының және оның жетекшісі Тұрлыгүл Сүлейменова, абайтанушы, жазушы Қалибек Алтыбаев, ардагер-ұстаз Мәдина Асатова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Астана қаласы Алматы аудандық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі Күлзина Ысқақова өз ойын ортаға салды. Ал Марат Мұстафин «Адал азамат» атты іс-шараға қатысып, өз ойымен бөліскен Ғалия Құсайынқызына жиналғандардың атынан алғыс айтты. Іс-шара соңында наурыз айында қабылданған Конституциямыздың шешімімен 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтетіні ескертілді. Ал «Адал азамат» тұжырымдамасының «7 басым бағыт» бағдарламасына арналған дөңгелек үстелде айтылған пікірлер жиналған қауымға жақсы бір күш-қуат жинақтауға себеп болды.

Баянды ӘЛПИ,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесі медиатобының

жетекшісі