Ардагерлер әрдайым сапта

Ардагерлер әрдайым сапта

Қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтап келе жатқан ардагерлеріміздің рөлі ерекше. Себебі олардың өмірлік тәжірибесі мол. Ардагерлеріміз – бүгінгі еңбек демалысына шыққан зейнеткерлеріміздің өткен өмір жолдары – елдік пен бірліктің ұйытқысы. Бүгінгі таңда олар өмірлік тәжірибесін жастарымызға көрсете отырып, Қазақ елінде қоғамдық келісімді нығайтып, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуде. Оған қоса жас ұрпақты ұлтжанды болуға, үлкенді сыйлап, туған жері мен халқына адал болуға, адал еңбек етуге   патриоттық рух беріп тәрбиелеуде.  Осылайша жастардың бойына адамгершіліктің жақсы қасиеттерін сіңіруде.

Жақында Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінде Президиум мүшелерінің жиналысы болып өтті. Оған тұрақты комиссияның жетекшілері де шақырылды. Күн тәртібінде жыл сайын атап өтетін Халық­аралық Қарттар күнін өткізудің мәселесі қаралды. Шынын айту керек, бұрынғыдай емес, қала кәсіпкерлері көмек мәселесіне келгенде көбіне шет қалып жатады. Олардың осы күнді есіне салып отыратын да ардагерлер кеңесі. Осыған байланысты Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Уляш Құсайынова Президиум мүшелері алдында алдағы қарттар күніне қандай жоспар құрып отыр­ғанын баяндап, көмекті қажет ететін зейнет­керлерге жұмыс­ты қалай жүргізіп жатқанын айтып өтті.

Бүгінде Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінде 18 мыңға жуық зейнеткерлер бар, соның 300- ден астамы тыл еңбеккерлері болса, 60 зейнеткер көмекке өте зәру адамдар. Қарттар күніне орай  «Қамқорлық айлығын» өткізуді жоспарлап отыр­ғанын, осыған байланысты  Сарыарқа ауданындағы кәсіпкерлерге көмекті қажет ететіндерге қол ұшын беруді сұрап бірнеше жерге 50 ден астам  хат жазғанын Уляш Айтмағанбет­қызы хабарлама жасады. Бұл бүгінгі жас ұрпаққа өмір тәжірибесін, ата-баба салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарымызды бізге жеткізіп отыр­ған ардагерлерге көмек көрсету біздің парызымыз деп айта отырып, сіздерде мүмкіндігінше қолдасаңыз­дар деп ой тас­тады.  Президиум барысында Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі бастығының орынбасары Гүлнар Беспалинова хабарлама жасады. Оның айтуынша: Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінде жүргізіліп жатқан жұмысты көрсететін ауқымды жұмыстар көпшіліктің назарын аударып келеді. Ауданның ардагерлер кеңесі мен зейнет­керлер тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрсететін кеңес­те үш әлеуметтік желі жұмыс жасайды. Ауданның ардагерлері мектеп оқушыларымен әртүрлі тақырыпта кітап­ханаларда кездесу өткізіп келеді. Ұрпақтар сабақтастығын жалғас­тырудамыз. Күмісай Берпейсованың ұйымдастыруымен «Әжелер алқасы», «Денсаулық сақтау» тақырыбына байланыс­ты Таукел Елеукенің комиссия­сы тұрақты жұмыс атқарып отырғанына тоқталды. Семей полигоны жабылуына байланысты ауданда 8 бірдей шара өткізілген.

Ең ұтымдысы еліне елеулі қызмет жасап, еңбек атқарған 80, 90, 100 жасқа толған ардагерлерге құрмет көрсетіліп, мерей тойларын атап өту, сонымен қатар 50,60,70 жасқа келген белсенді ардагерлердің туған күндерін де ұмытпай, оларға да құрмет көрсетіп отырғанына тоқталды. Жаңадан Астанаға қоныс аударған зейнеткерлерді есепке алу жұмысын да жүргізіп, 9 айдың ішінде 140 зейнеткерді тіркеп, ардагерлер кеңесінің құрамын толықтыр­ған. Осы бір – соңғы қыркүйек айында сарыарқалықтар Арбат демалу орталығында бүкіл аудан зейнеткерлері қатысқан 9 әртүрлі тақырыпта мәдени-концерттік бағдарлама ұйымдас­тырған. «Отбасы күніне», Тіл мерекесіне, Шәмші Қалдаяқов­тың туған күніне орай, «Жадыраған жаз» тақырбына, «Би вальсі», «Караокеге» арналған кеш, үш рет ардагерлерге арнап жастық шақтарын еске алып, «Жаз кеші» атты би кешін үш рет ұйымдас­тырыпты. 

Бүгінгі таңда Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі – «Алтын күз» фестиваліне дайындалуда. Онда ең үздік хор коллективі, вокал, инструментальді, би тобы, жеке дауыстағы, эстрада және авторлық орындау номинациясы бойынша өнерпаз-­ардагерлер өнер көрсетеді. 

Ауданның ардагерлер кеңесі қазіргі таңда Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың «Даналық формуласы атты мақаласы бойынша жұмыс атқаруда. Ол жастарымыздың қабылетті, әрі ықпалды жасампаз күш ретінде, өскелең ұрпағымызға терең жасампаздық пен тәрбиелік мән беретін жолды көрсетіп берді. Бүгінде еліміздегі барлық ардагерлер кеңесі осы бағытта жұмыс жасай бастады. Сарыарқа ауданы да осы жайында өздеріне жоспар құрып, осы бағытта жұмыстарын бастады.

«Ата-бабаларымыздың өзін, көненің көзін көрген асыл қарттарымыз қашан да бүгінгі ұрпақ  үшін ортаймас қазына. Ал осындай қазыналы қарттарымызды құрметтеу, олардан үлгі алу – ­ұрпақтарының міндеті.

Ғалия Балтабай,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденді журналист Ардагерлер кеңесі медиа­тобының жетекшісі