Апам айтатын...

Апам айтатын...

Ауылда өскен бала мен қалада есейген ұлдың айырмашылығы болатынын байқап жүрміз. Жақында әлеуметтік желіде бір бейнематериал көзге түсті. Қаланың баласы ауылға барған. Бейнеден байқағанымыз, қол жуғыштағы суды ағыза алмай тұрған ұлдың көрінісі езуге күлкі ұялатты. Ол қала тірлігіне үйреніп қалған. Жазғырудан аулақпыз. Алайда ауылдың көрінісі, ауылдың күйбең тірлігі оған жат болып көрініп тұр. Суды ағызудың ыңғайын таппаған әлгі бала анасына мұңын шақты. Ойланып қалдық...

Қашанда бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын қазақ отбасы бүгінгі таңда өзгере бастағанға ұқсайды. Әсіресе қала тұрғындары. Ақ саусақ ұл, ас бөлмесінен алыстау қыз өсіп келе жатқан сыңайлы. Жалпыға топырақ шашудан аулақпыз, ара-тұра байқағанымызды ғана меңзеп отырған түріміз...

Қала тұрғыны ұлы мен қызын әртүрлі шараларға белсенді қатыстырғанымен, олардың ортасына яғни араласатын адамдарына аса мән бере бермейтін секілді. Себебі өзге тілде самбырлаған қазақтың қаракөздерін көшеден кездес­тіре беруге болады. Әрине, үйренгені де жөн шығар, алайда өз тілін өз мәдениетін білмесе жас өреннен не күтуге болады?

Рас, қалалық ұл мен қыздардың тәрбиесі ауылдағы балалармен салыстыруға келмейді. Қаладағылар ерте есейетін сияқты. Оның үстіне олардың үлкен ортада өмір сүріп жатқанын ескерсек, ойлау қабілеті, көрген-білгені ауылдағыларға қарағанда жоғары болады-ау деп ойлаймын. Ауылда өскен ұл мен қызды төмен санап отыр­ғаным жоқ. Айырмашылығын айтқым келіп отыр. Ауылда өскен балалар ата-әже тәлімін бойына сіңіріп өседі. Жазық далада еркін өскендігі де әсер етпей қоймайды. Ал қаладағы тірлікті өздеріңіз де жақсы білесіздер. Шеңбер бар, шектеу бар. Сондықтан қаланың баласы басқаша ойлайды. Оларға ауылдың тірлігі оғаш болып көрінетіні сол. Ауыл баласы қалаға тез бейімделіп кеткенімен, бәрібір топырағын сағынып тұрады. Кішіпейіл, кісі алдын кесіп өтпейтін қасиеті, үлкенге-үлкен деп қарай алатындығымен ерекшеленіп тұрады, – дейді қала тұрғыны Ақбота Жұмашева.

«Қалаға барып оқисыңдар, білім аласыңдар, алайда қазақылықты жоғалтып алмаңдар» деп апам айтатын.

Апам айтады демекші, бізге бала күнімізде шешей жатар алдында ертегі айтып беретін. Алпамыс батырдың жырларын жаттатып қоятын. Шаңыраққа қонақ келгенде сол жаттаған жырды меймандарға тыңдататынбыз. Кітап оқуға, шатпақтап жазуға сол апамыздың септігі тигенін жасырып қала алмаймыз. Тіпті қазір сағынатын болдық. Ал қала баласын қазір ертегі айтып ұйықтата алмайсың. Қолына жыламасын деп смартфон беріп қоясың да, құлағыңның тыныштығын ойлайсың.

– Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Өзіміз де бала болдық.

Қарттардың тәлімін алдық. Әжелеріміз ертегі тыңдатып өсірді. Жаман болғанымыз жоқ. Шүкір, бүгінгі таңда көпбалалы отбасы атанып отырмыз. Қарттардан естігенімізді балалардың құлағына құйып келеміз. Бірақ, баланы қатты шектеуге де болмайтын шығар. «Заманына қарай амалы» дегендей ешкімнен кем қылмай өсіруге тырысып жатырмыз, – дейді көпбалалы ана Іңкәр Құбашева.

Ал психологтар балаларды тұрғылықты жеріне қарай бағалаудан сақ болуға шақырады. Айтуларынша, әр баланың жеке ерекшелігі, отбасы тәрбиесі, эмоционалдық жағдайы мен білім алу мүмкіндігі оның тұлғалық дамуына әлдеқайда көбірек әсер етеді екен.

– Қалада өскен балалардың ақпараттық технологияларға, түрлі үйірмелер мен білім беру орталықтарына қолжетімділігі жоғары болса, ауыл балалары табиғатпен етене араласып, еңбекке ерте бейімделуімен, жауапкершілігі мен төзімділігімен ерекшеленуі мүмкін. Дегенмен бұл ерекшеліктер барлық балаға бірдей тән деп айтуға болмайды.

Баланың бойындағы қабілет пен талантты дамыту үшін ең алдымен қолайлы психологиялық ахуал, сенімді қарым-қатынас және ересектердің қолдауы қажет. Ең бастысы – баланың қай жерде өскені емес, оның өзін қауіпсіз сезінуі, қолдау көруі және өз мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасалуы.

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың дамуы қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайтып келеді. Балалардың білімге, ақпаратқа және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктеріне қолжетімділігі артып отыр. Сондықтан балаларды «қала баласы» немесе «ауыл баласы» деп бөлуден гөрі, олардың жеке ерекшеліктері мен күшті жақтарына назар аудару маңызды.

Психолог ретінде айтарым, әрбір бала – қайталанбас тұлға. Оның болашақтағы жетістігі өмір сүрген ортасымен ғана емес, өзіне деген сенімімен, отбасының қолдауымен, сапалы біліммен және айналасындағы адамдардың қамқорлығымен тығыз байланысты. Балаға сенім артып, оның пікірін құрметтеп, дамуына жағдай жасай білсек, ол өз әлеуетін толық жүзеге асыра алатын саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасады, – дейді Астана қаласы әкімдігі психологиялық қолдау орталығының әдіскері Анар Журкеева.

«Отбасында алдымен өздерің жақсы болыңдар. Балалар сендерден көргенін істейді. Ерлі-зайыпты тату болса, соны көріп өскен бала жаман болмайды. «Балалы үй – базар», қолдарыңнан келгенше баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріңдер, ертең өздеріңді бағатын сол балалар» деп үнемі апам айтатын...