Алматы ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Алматы ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
фото: видеоскрин

Елорданың Алматы ауданында Қ.Сәтбаев көшесі мен Б.Момышұлы даңғылының қиылысында жаңа сквердің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұған дейін бұл аумақта көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу жоспарланған болатын. Сот талқылауларының қорытындысы бойынша әкімдіктің ұстанымы қолдау тауып, жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал аталған аумақта сквер абаттандыру бастамасы қала басшылығы тарапынан қолдау тауып, елорда әкімінің жеке бақылауымен жүзеге асырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Рустем Тауекелов пен Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев қатысты.

Абаттандыру жұмыстары аясында мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жайлы жолдар, демалыс орындары, заманауи шағын сәулет нысандары мен жаңа сыртқы жарықтандыру жүйесі пайда болды. Аумақ көгалдандырылып, гүл композициялары мен жасыл желек элементтерімен безендірілген сәндік тіреу қабырғалар орнатылды.

Сквердің басты ерекшелігі – айдаһар бейнесіндегі балалар ойын құрылымы. Ол жаңа қоғамдық кеңістіктің жарқын элементтерінің біріне айналды.

Енді бұрын бос жатқан аумақта тұрғындардың серуендеуіне, отбасымен демалуына және барлық жастағы азаматтардың белсенді уақыт өткізуіне арналған заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасты.