Әлеуметтік және еңбек саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

Әлеуметтік және еңбек саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Ерасыл Жұманбаев «Хабар» телеарнасының эфирінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларын цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінде цифрландыру мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл тәсілін өзгертіп жатыр. Электрондық қызметтерден бастап, мемлекет азаматтың қолдауға құқығын өзі анықтап, оған тиісті шешімдерді ұсынатын проактивті модельге көшу жүзеге асуда.

Жұмысқа орналастыру бойынша қызметтердің едәуір бөлігі қазірдің өзінде Enbek.kz арқылы қолжетімді. 2026 жылдың жеті айында портал арқылы жұмыс іздеуші ретінде 635 мың адам тіркелді — бұл елдегі барлық тіркеудің 88%-ы. Тағы 549 мың азамат электрондық форматта жұмыссыз мәртебесін алды.

Келесі кезең — «жұмыс адамды өзі табады» қағидаты бойынша «Цифрлық жұмыспен қамту қызметін» енгізу. Жасанды интеллект азаматтың білімі, еңбек өтілі, дағдылары мен қалауларын ескеріп, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын, оқыту бағдарламалары мен қолдау шараларын ұсынады. Жобаның пилоттық нұсқасы Павлодар облысында іске қосылды, жыл соңына дейін оны барлық 20 өңірде енгізу жоспарлануда.

2026 жылы Enbek.kz порталында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға сараланған тәсіл енгізілді. Жүйе жұмыс берушінің санатын, сипаттамаларын және қызмет өңірін автоматты түрде ескеріп, қолжетімді субсидиялау шаралары мен жұмыс орындарының санын анықтайды. Сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іріктеудің интеллектуалды алгоритмі әзірленді. Ол азаматтың цифрлық бейінін талдап, тек талаптарына сәйкес келетін бағдарламаларды ұсынады. Жасанды интеллект еңбек қауіпсіздігі саласында да қолданылуда. Атап айтқанда, ол өндірістегі жазатайым оқиғаларды талдауға, кәсіби тәуекелдерді бағалау құжаттарын өңдеуге және профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша талдамалық ақпарат қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект технологиялары атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде де пайдаланылады. Жүйе отбасының табысы мен құрамына, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларына қатысты мәліметтерді талдап, ең қолайлы қолдау шараларын іріктеуге көмектеседі. Бұл ретте соңғы шешімді адам қабылдайды. Бүгінде әлеуметтік-еңбек саласындағы 49 қызметтің 45-і электрондық, 28-і проактивті түрде көрсетіледі. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 3,6 млн қызмет көрсетілді. Автоматты тағайындау механизмі ең көп сұранысқа ие 13 мемлекеттік қызмет бойынша енгізілді. Қазірдің өзінде 103 мыңнан астам жәрдемақы толық автоматты түрде тағайындалды. Цифрландырудың арқасында тек 2026 жылдың өзінде бюджет қаражатының шамамен 158,5 млн теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туды.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған цифрлық қызметтер де дамып келеді. Aleumet әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық оңалту құралдарын, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтерін, санаторийлік-курорттық емдеуді және басқа да қолдау түрлерін өз бетінше таңдауға болады. Портал цифрлық маркетплейс қағидаты бойынша жұмыс істейді: пайдаланушы жеткізушіні таңдап, тапсырыс рәсімдейді және оның орындалуын бақылайды. Тек 2025 жылдың өзінде портал арқылы 600 мыңға жуық тапсырыс орындалды.

Ұлттық біліктілік жүйесі де еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуде. Бүгінде 4,5 мыңнан астам кәсіпті қамтитын 800-ден астам кәсіби стандарт бекітілген. Цифрлық дағдылар банкіне кәсіби стандарттарды жаңарту кезінде ескерілетін жасанды интеллект саласындағы 133 құзырет енгізілді. Career Enbek платформасында 18 мыңнан астам білім беру бағдарламасы орналастырылған. Қазіргі уақытта олардың жұмыс берушілер талаптарына сәйкестігін бағалау үшін жасанды интеллект негізіндегі мониторинг енгізілуде. Осылайша, әлеуметтік және еңбек саласын цифрландыру — қызметтерді жай ғана онлайн форматқа көшіру емес. Бұл мемлекет азаматтың қажеттіліктерін алдын ала анықтап, оған атаулы қолдау ұсынып, жеке жүгіну қажеттілігін барынша азайтатын жаңа модельге көшу. Басты мақсат — азаматтардың еңбек ету, әлеуметтік қорғау және мемлекеттік қолдау алу құқықтарын барынша қолжетімді, уақтылы әрі ыңғайлы түрде іске асыру.