Әлеуметтік-мәдени мәселелер ұдайы назарымызда

Әлеуметтік-мәдени мәселелер ұдайы назарымызда
фото: Астана қаласының әкімдігі

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен халықты жұмыспен қамту, мәдениет пен спорт салаларын дамыту мәселелері қашан да маңызды. Ал тұрғындар саны жыл сайын ғана емес, ай сайын артып келе жатқан елорда үшін бұл мәселелердің өзектілігі тіпті жоғары. Бұл тарапта Астана қаласы мәслихатының атқарар міндеті орасан зор. Соның ішінде мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының көтерер жүгі ауыр. Осы комиссия құрамында жоғарыда аталған салаларда еңбектеніп жатқан жеті депутат бар. Жуырда аталмыш комиссия былтырғы қазан айынан бастап, бір жылдық жұмысының қорытындысын шығарды. Осы жөнінде аталған комиссия төрағасы Асқар Смағұловпен әңгімелестік. 

– Асқар Сайлаубекұлы, әңгімемізді сіз басқаратын комиссия жұмысынан бастасақ. Алдарыңызға қойған негізгі міндет қандай?

– Бір жыл ішінде біздің комиссия 9 отырыс, 2 көпшілік тыңдау және бір рет «Депутат күнін» өткізді. Саламызға қатысты мәселелер мәслихат сессияларында қаралып, әлеу­меттік-мәдени сала бойынша отырыстар ұйымдастырылды. Депутаттар әлеуметтік және мәдени нысандарға 28 мәрте барып, 150-ден астам жеке қабылдау өткізді, 100 депутаттық сауал жолдады. Біздің комиссия мүшелері түрлі жұмыс топтарының және Астана әкімдігі жанындағы 45 комиссия жұмысына қатысады. Сондағы басты міндетіміз – туындаған мәселелерді қарау ғана емес, елорда тұрғындары көтеретін мәселелердің нақты шешімдерін табу.              

       

– Бүгінде бас қалада тиісті қажеттілікке сай жаңа мектептер, балабақшалар, қосымша білім беру нысандары бой көтеріп, бұрын салынғандарды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы жұмыстарға депутаттардың қосып жатқан үлесі қаншалықты? 

– Депутаттардың қолдауының және бюджет қаржысының бөлінуінің арқасында өткен жылы 6 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жоспар  – тағы 5 мектепті жөндеу. Әзірге 3 мектепте тиісті жұмыстар аяқталды. Біз ескі әлеуметтік нысандарға ерекше көңіл бөлеміз. Осындай нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту кезінде білім алуға заманауи, қауіпсіз және жайлы жағдай тудыру аса маңызды. Бұған қоса, инженерлік жүйелердің толығымен жаңартылуын, спорттық және қоғамдық инфрақұрылымның жаңғыртылуын қамтамасыз етудің маңызы ерекше.

Біз өз тарапымыздан мектептерді жөндеу, «Nova City» тұрғын үй кешенінің аумағында балабақша салу, мектептердегі тамақтанудың қауіпсіздігі, әлеуметтік нысандар құрылысын жобалауды жетілдіру, қауіпсіздіктің цифрлық шешімдерін дамыту мәселелері бойынша ұсыныс­тарды енгіздік. Жаңа дамыту орталықтарын ашудың маңызы да айрықша. Бұл нысандардың білім және мәдениет кеңістігінің кеңеюіне, пайдалы демалыстың ұйымдастырылуына үлкен септігі тиеді. Депутаттардың бастамасы мен белсенді қолдауының арқасында елордада жаңа Оқушылар сарайлары ашылып жатыр. Қазіргі таңда Оңтүстік-шығыс шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жұмыс қосымша біліммен қамтылатын балалар санын едәуір арттырады.

Мектепалды даярлық мәселесіне де айрықша басымдық беріп отырмыз. Қолданыстағы балабақшалардың күрделі жөнделуі мен жаңғыртылуы – депутаттардың ерекше назарында. Бұған қоса, инвесторлармен жаңа мектепалды даярлық нысандарын салу механизмдері қарастырылып жатыр. Мұндай шешім бюджетке түсетін жүктемені азайтып, орындар тапшылығы мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Инклюзивті білімді дамытудың маңызы бұдан еш кем емес. Депутаттар ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларына тиісті ортаның қолжетімділігін, толыққанды психологиялық-педагогикалық қолдауды, оқудың барлық кезеңінде кедергісіз инфрақұрылымды қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөледі.

– Денсаулық сақтауға келейік. Бұл салада қандай бас­тамаларды көтердіңіздер?

– Депутаттардың бастама­сымен Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Бұл құжатта медициналық инфрақұрылымды дамыту, кадр мәселесін күшейту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Өткен бір жыл ішінде депутаттар оның іске асырылуына мониторинг жүргізіп, жоспардағы іс-шаралардың орындалу мәселелерін қарастырды, денсаулық сақтау нысандарына арнайы барды. Соның арқасында Астанада медицина мекемелерінің тап­шылығын азайтуға біршама шаралардың қолға алынғанына көз жеткіздік. Депутаттардың бастамасымен сол жағалауда екі жаңа емхананы салу жоспарға енгізілді. №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің жарақат бөлімін кеңейту жұмысы және перинаталдық орталықтың құрылысы жалғасып жатыр. Депутаттардың қолдауымен №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы мен №1 көпсалалы қалалық ауруханасын жаңғырту жоспарланды. Аталған жобаларды іске асыру қазіргі бар инфрақұрылымды жаңартып, медициналық көмек беруге арналған заманауи жағдай тудырады.

Елорданың сол жағалауын­дағы қалалық медициналық ұйымдарды жылумен қамтамасыз ету мәселесінің шешілуін де айрықша атап өтуге болады. Депутаттардың қолдауымен бұл нысандар автономды жылу жүйесінен орталық жылу жүйесіне қосылды. Бұл жұмыс шығындарды азайтып, бюджет қаржысын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік берді. Медицина қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі де айрықша назарымызда.  Астана – Қарағанды тасжолының бойында денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған жатақхана салынып жатыр. Нысан осы жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс.

Жалпы депутаттар осы бір жыл ішінде денсаулық сақтау мәселелерін бірнеше рет қарады. Соның ішінде ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық қызметтің қолжетімділігі, кадрлық қамтамасыз ету және жедел жәрдем жұмысын ұйымдастыру секілді мәселелер болды. 

– Халықты әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтуда сіздердің араласуыңызбен қандай мәселелер шешілді?  

– Өз отырыстарымызда жұмыссыз азаматтарды қолдау тетіктерінің тиімділігін, түлектердің жұмысқа орналасуын, тұрғын үй көмегін және Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын дамыту мәселелерін қарадық. Елордада мәслихат депутаттарының қолдауымен жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуына қаржы бөлінді. Соның ішінде 300 адамға арналған Инклюзивті спорт орталығы мен 200 төсек орындық «Жәрдем» Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы есігін айқара ашты. NEET санатына жататын жастарға ерекше көңіл бөлу керек. Олардың үйлеріне барып, тікелей араласудың арқасында еш жерде оқымай, жұмыс істемеудің себептерін анықтауға, оқуға орналастыру, жұмысқа тұрғызу немесе басқа қолдау шараларын қолдануға болады. Депутаттар осы мәселелермен де айналысты. 

– Елордадағы спорттың дамуына қалай атсалыстыңыз­дар?

– Біздің тұрақты комиссия спорт  инфрақұрылымның қа­зіргі жағдайын, оның елорда тұрғындарына қолжетімділігін, федерацияларды қаржыландыру, бұқаралық спортты дамыту мәселелерін жан-жақты қарады. «Қазақстан» спорт сарайын жаңғыртуға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Бұл нысан құ­рылысын белгіленген мерзімде аяқтаудың маңызы ерекше. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион құрылысы да депутаттардың айрықша назарында болды. Қазір бұл нысан пайдалануға берілді.

Бұған қоса, кәсіби спортшыларды даярлау, балалар-­жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың тиімділігі секілді мәселелерді де қарадық. Дайындықты жетілдіру үшін спортшыларды медициналық, психологиялық, фармокологиялық қолдауын күшейту, Арнаулы спорт академиясын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Мәслихат депутаттары Астананың спорт нысандарының бірыңғай цифрлы картасын әзірлеуді де ұсынды. Бұл карта сол нысандардың орналасуын, көрсетілетін қызметтердің тізімі мен жүктемесін көрсетеді.

– Мәдениет саласында қандай мәселелерге көңіл бөлдіңіздер?

– Біздің комиссия бұл салада инфрақұрылымның жаңғыртылуына және нысандардың қолжетімділігіне көңіл бөлді. Өнер музейінің ашылуы айтарлықтай оқиға болғанын атап өту керек. Жаңғыртудан өткен тарихи ғимаратта орналасқан бұл нысанда заманауи көрме кешені, көне музыкалық аспаптарды сақтау мен қалпына келтіруге арналған арнаулы шеберхана орналасқан. Мәдени нысандарға барғанда депутаттар олардың жағдайына ғана емес, олардың ауласына, абаттандырылуы мен жарықтандырылуына, жаяу жүргіншілер жолына, көлік қоятын орындарының болуына көңіл бөлді.    

– Елордадағы әлеуметтік-­мәдени саланың дамуын жалпы қалай бағалайсыз?

– Астанада маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Жаңа әлеуметтік нысандар ашылуда, тұрғындар көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелер шешімін тауып жатыр. Әрине, қала тұрғындарының артып келе жатқанын ескеріп, әлеуметтік нысандарының құрылысы мен жөнделуі уақытылы жүргізілгені, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі артқаны жөн. Құлақ асарлық ұсыныстардың нақты іс жүзінде іске асырылғаны дұрыс. Бұл мәселелерді біздің комиссия назардан тыс қалдырмайды. Жалпы елордадағы әлеуметтік-мәдени мәселелер ұдайы назарымызда.      

– Мазмұнды сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Аманғали Қалжанов