Қазақта «Ақерке» атауымен елге белгілі бірнеше ән бар. Атап айтқанда, ұлтымыздың ұлы мұрасының бірі халық әні «Ақеркені» әйгілі әнші, композитор, ұстаз, халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев жұртқа кең танытты. Арқада өткен асқан әнші Игілік Омаров «Қазақ әнінің Ақ еркесі» атанып кетті. Бұған себеп, Сапарғали Бегалиннің сөзіне жазылған Садық Керімбаевтың бұл туындысы әншінің «төлқұжатына» айналды. Жуырда осы қос әнді қазіргі әншілер осы заманға сай келетін өзгеше өңдеуде жаңаша жаңғыртты.
Ғарифолла Құрманғалиев шырқаған «Ақерке» әніне, өнеріне әлем сүйсінетін қазақтың дарынды перзенті Димаш Құдайберген өзі туған Ақтөбе қаласында бейнебаян түсірді. Бұл дұрыс та, әнде айтылатын Сағыз, Жем, Ойыл – сол өңірдің өзендері. Ғарифолланың өз орындауынан үзінді енген туынды әншінің YouTube арнасында жарияланды. Бірақ тыңдарман бейнебаянды әртүрлі қабылдады. Мақтағандар да, сынағандар да табылды.
Мұны «Күні кеше жарық көрген «Ақерке» әніне түсірілген бейнебаянымның астында қалдырған барлықтарыңыздың пікірлеріңізді толыққанды мұқият оқып шықтым. Қолдауларыңызға да, шын жүректен айтылып жатқан сыни пікірлеріңізге де мың мәрте рақмет! Бұл жұмыс мен үшін ерекше болды. Мен этно-поп, dance-pop, edm, folktronica, future bass және house элементтері үндескен заманауи гибридті музыканы әдейі таңдаған болатынмын. Себебі мақсатым халық әнін өзгерту емес, әлбетте оны бүгінгі музыканың тілімен әлем тыңдармандарына жақындату еді» деп түсіндірді Димаш өзінің инстаграм-парақшасында.
Осы мақала жазылғанда бейнебаян YouTube арнасында 205 мың қаралым жинап, оған 3902 пікір жазылды. Пікір жазғандардың арасында шетелдіктер де бар. Демек Димаштың халық әнін әлем тыңдармандарына жеткізу мақсаты орындалды.
Садық Керімбаевтың «Ақерке» әнiн өткен жылы АҚШ-тың атақты «Carnegie Hall» сахнасында Игілік Омаровтың немересі Гүлзар Габдрахман шырқады. Ал жуырда осы әнге Нью-Йорк төрінде бейнебаян түсірді. Мұны әншінің YouTube арнасынан тамашалауға болады.
Гүлзар – кәсіби әнші, қазіргі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтының магистратурасын да бітірді. Ресей астанасында ол белгілі әнші, Ресей халық әртісі Лариса Долинаның шеберханасын аяқтады. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Қазақ әндерін әлем сахналарында шырқап жүр. Мәселен, Лондонда өткен «Альбион жұлдыздары-2019» халықаралық байқауында халық әні «Япурайды» орындап, бас жүлдені иеленді. «Carnegie Hall»-да екі рет өнер көрсетті. Соның бірінде Viva Music Carnegie Hall байқауына Қазақстан атынан қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Бүгінде АҚШ-та тұрып жатыр. Мұхиттың арғы жағында Гүлзар Габман есімімен қазақ әндерін насихаттап жүр.
Қазақ әні әлемге жете берсін!