Алаяқтардан қалай қорғанамыз?

Алаяқтардан қалай қорғанамыз?

Елордада интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыс­тары жалғасуда. Желіде кең таралған алаяқтық схемалары мен олардан сақтану жолдары туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Азат Тастанов мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оның айтуынша, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес­тің тиімділігін арттыру үшін АНТИФРОД жүйесі енгізілді. Аталған жүйе банктер мен өзге де ұйымдар тарапынан күмәнді қаржылық операцияларды анықтау және азаматтардың қаражатын қорғау үшін қолданылады.

– Алаяқтық белгілері анық­талған жағдайда жүйе күмән тудыратын ақша аударымдарына уақытша бұғаттауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Астанада АНТИФРОД жүйе­сі арқылы қылмыстық схемаларға қолдынылуы мүмкін 19 600 есепшотқа бұғаттау қойыл­ған. Бұрын алаяқ­тар көбіне өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырса, бүгінде олардың әдістері күрделене бастаған. Азаматтарды алдау үшін қылмыскерлер жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, бейнеқоңыраулар арқылы сөйлеседі, жалған фотосуреттер жасайды, жақын туыстардың, достардың немесе әріптестердің дауыстарын айнытпай салып хабарласады. Алаяқтардың басты мақсаты – азаматтардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын қолға түсіріп, ақшасын заңсыз иемдену, – дейді прокурор.

Интернет-алаяқтықтың бір мысалы WhatsApp мессенджері арқылы жасалған. Белгісіз тұлғалар елорда тұрғынымен бейнебайланысқа шығып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматқа банктегі депозит қаражатын қорғауды сылтау етіп, кейіннен «қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін» қаражатын банктен шешіп алып, курьерге беруге көндірген. Қазіргі уақытта тергеу жұмыс­тарын Астана қаласы Полиция департаментінің Алматы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыс­тарын жүргізілуде. Цифр­лық қауіп­тердің өсуіне байланысты жеке деректер мен қаржыны қорғауға ерекше көңіл бөлуді ескере келе, киберқауіпсіздік мамандары азаматтарға мынадай қарапайым, бірақ тиімді шараларды ұсынады: Біріншіден, аппараттық қауіпсіздік кілттерін пайдаланыңыз. Мұндай құрылғылар USB немесе NFC арқылы қосылып, аккаунт­тарға қосымша қорғаныс қызметін атқарады. Алаяқ­тар сіздің құпия сөзіңізді білгеннің өзінде, физикалық кілтсіз аккаунтыңызға кіре алмайды. Екіншіден, Passkeys технологиясын қолданыңыз. Ол парольдің орнына биометрия­лық деректер немесе сенімді құрылғы арқылы аккаунт­тарға кіруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл фишингтік шабуылдардың қаупін айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ жақындарыңызбен алдын ала құпия код сөзін келісіп алу. Бұл алаяқтар жасанды интеллект арқылы адамның дауысын салып сөйлескен жағдайда оның шынымен жақыныңыз екенін тексеруге көмектеседі.

– Тағы бір маңызды шара – барлық аккаунттарыңызды бір ғана электрондық поштаға байланыстырмау. Әртүрлі мақсаттарға арналған бөлек электрондық пошта пайдалану қауіпсіздікті арттырады. Сонымен қатар өзіңіздің цифрлық ізіңізді азайту керек. Интернетте жеке ақпаратыңыздың қолжетімділігі неғұрлым аз болса, алаяқтардың оны өз схемаларында пайдалану мүмкіндігі соғұрлым төмен болады. Дегенмен қорғанудың ең тиімді құралы – қырағылық. Бөтен адамдарға пароль мен растау кодын айтпаңыз, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбей, ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз. Цифрлық қауіпсіздікке жауапты қарау жеке деректеріңіз бен қаржыңызды қорғауға көмектеседі, – деді Азат Тастанов.