«Жауапты әке – тұрақты қоғамның тірегі» атты қалалық әкелер форумы жан-жақты мәселелерге негізделді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Форум бағдарламасының шеңберінде «әке үлгі», «әке өнеге», «әке отбасының тірегі» сияқты келелі ойлар, парасат-пайымдар ортаға салынды.
Қоғамның әр саласындағы, әртүрлі деңгейдегі жанұялардың жағдайы, күш-жігер беретін мотивацияға толы сөздер айтылды. Сонымен қатар, қоғамдық әлеуметтік салада белді жұмыс жасап жүрген белсенді әкелер, өздерінің ой-пікірлерін, өмірде көрген-түйген тәжірибелерімен бөлісті.
Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Қамқоршылық кеңесі төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Әкім Ысқақ өзінің парасатты байыптауларын жеткізді.
«Әке – өмір, әке – тірек, әке – қорғаушы. Бұл ұстанымдарды әрдайым арттырып отыру керек. Егер отбасында әке болмаса, бала жетімсіреп қалады. Бұқар жырау бабамыз «Әкелі бала – жау жүрек, әкесіз бала – су жүрек» деген екен. Тегі рас сөз!. Қазіргі қоғамда әкелердің қадір-қасиетін арттыру керек. Тоқсаныншы жылдары гендерлік саясат деп, ер-азаматтар дәрежесін төмендетіп алдық. Бірақ кейінгі жылдары бәрі қалпына келе бастады. Қанша дегенмен қазақи болмысты сақтап, әке беделін арттырсақ, қоғамда ұлттық құндылық жанданады», – деді қоғам қайраткері.
Сонымен қатар Астана қаласы Мәслихатының депутаты, кәсіпкер Бауыржан Қасымбергебаев әке тәрбиесі жөнінде баяндады.
«Әр адам әке тәрбиесін айтқанда өзінің өмірден көрген-білгенін ойға алады. Әкеміз ерте дүниеден озды. Біз анам екеуміз Ресейге көштік. Тағдырлы соқпақтардан өттік. Бірде анам қаржы жинап әкемнің туған ауылына бардық. Сонда көшеде еңселі ер адам маған қарай беттеп келеді екен. Сөйтіп амандасып жөн-сұрастық. Ол менің әкемді танитынын, мықты ер-азамат болғанын айтып, көзіне жас алды. Әкей небәрі 33 жаста дүние салған екен. Анам маған «мен дүниедегі ең мықты ер адамға тұрмысқа шықтым» деп мақтанышпен айтады. Қазіргі кезде өзімнің де 3 қыз, 1 ұлым бар. Жұбайыммен бірге отбасыма жылулық сыйлап, мықты, білімді болу үшін бар ынта-жігерімді салып келеміз. Өйткені қоғам үшін әке тұлғасын қалыптастыру өте керек, – деп пайымдайды.