«Айбын-2027» жиынына іріктеу басталды

«Айбын-2027» жиынына іріктеу басталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласы әкімдігінің «Батырлар» әскери-патриоттық орталығында XIII Халықаралық «Айбын-2027» әскери-патриоттық жастар жиынына арналған қалалық іріктеудің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Іс-шара «Жас сарбаз – намыс пен рух алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиынға 150 жас сарбаз, сондай-ақ қала әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және «Жас Сарбаз» қозғалысының өкілдері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу және «Айбын-2027» халықаралық жиынына елорданың үздік командасын іріктеу.

Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Әлібек Әбдығалиұлы жастарға Отанға қызмет етудің маңызы туралы айтып, қазіргі жас сарбаз білімді, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары әрі заманауи технологияларды меңгерген азамат болуы керектігін атап өтті.

«Бүгінгі таңда «Жас Сарбаз» қозғалысы өскелең ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелейтін маңызды жобалардың бірі. Себебі Отанды қорғау тек әскери қызметшінің ғана міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың борышы. Ол өз еліне деген жауапкершілігін сезінуден басталады.

Отанға қызмет ету бейбіт уақытта сапалы білім алу, өз ісіне адал болу, заң мен тәртіпке құрмет ету және өз елінің дамуына өз үлесін қосу болып табылады. Сондықтан сіздерге қойылатын талап та зор.

Ол физикалық дайындықтан бөлек, білімді, озық технологияны меңгерген, тез шешім қабылдайтын және жауапкершілігі жоғары азамат болуды талап етеді. Сондықтан ел қауіпсіздігі өздеріңіз сияқты цифрлық технологияны меңгерген, білімді, отансүйгіш ұрпаққа байланысты», – деді Әлібек Әбдығалиұлы.

Шара барысында жас сарбаздар түрлі әскери-спорттық жаттығулар орындап, өздерінің физикалық дайындығы мен командалық қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар патриоттық әндер орындалып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Шапағат Әбдір