Шырмауық» фильмі Каир кинофестивалінде Қазылар алқасының жүлдесіне ие болды

Шырмауық» фильмі Каир кинофестивалінде Қазылар алқасының жүлдесіне ие болды

Текті әулеттің ұрпағы Азамат Шарғын азаматтық болмысымен өмір, өнер жолында дара келеді. Өмірде де, өнерде де үлкеннің жолын кеспей, кішіге болысып жүретін кісілігі өз алдына, осы бір соқтықпалы-соқпақты жолда талмайтын табандылығы, қайтпайтын қайсарлығы бар. Ізденіспен, тәжірибемен келген шеберлігі көпшілікті мойындатып үлгерген.

Кино әлемінде актер ретінде жасап келе жатқан кейіпкерлер галлереясының әр туындысы өзіндік қайталанбас ерекшелігімен таңғалдырады. Әр роль – әртүрлі тағдыр. Өз алдына бөлек болмыс. Азамат Шарғын солардың әрқайсысында өмір сүрді. Өміршең етті. Міне, енді ол кино режиссері ретінде өзіндік сүрлеуін салуда. Режиссер Азамат Шарғынның «Шырмауық» фильмі Каир халықаралық кинофестивалінде Қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. Жалпы кино әлемінде Каир кинофестивалі "А" класындағы санаулы кинофестивалдердің бірі екені белгілі. Сондықтан, бұл жүлде - қазақ киносы үшін зор жетістік! Әлемнің ондаған елінен үздіктері іріктеліп ұсынылған фестивальде осындай марапатқа ие болу – зор табыс!

Азамат Шарғын бұған дейін де режиссер ретінде "А" класындағы аса беделді кинобайқау Токио халықаралық кинофестиваліне қатысып қайтқан болатын. Бұл қадамдар – қазақ киносын әлемге таныту жолындағы үлкен ізденістер екенін айта кету керек. Азамат Шарғынға, фильмнің шығармашылық тобына және түсірілім жұмысына атсалысқан барша өз ісінің майталмандарына, жеңіс құтты болсын деймін! Әлемде қазақ киносының мерейі үстем бола берсін!

Бағдагүл Рахметқызы,

журналист