Астананың EXPO халықаралық көрме орталығында 1-3 қазан күндері ауқымды AI & Digital Bridge 2026 форумы өтеді. Іс-шараға әлемдік технологиялық компаниялардың өкілдері, инвесторлар, стартаптар, әзірлеушілер және жасанды интеллект саласының сарапшылары қатысады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Форумның елордада өтуі Астананың цифрлық даму, технологиялық кәсіпкерлік және халықаралық ынтымақтастық орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Бірнеше күн бойы қала түрлі елдерден келген технологиялық индустрия өкілдерінің басын қосатын алаңға айналып, алдағы жылдары нарықтар мен экономиканың дамуын айқындайтын шешімдер талқыланады.
AI & Digital Bridge 2026 қатысушыларға озық технологиялармен танысуға, әлемдік BigTech компанияларының өкілдерімен байланыс орнатуға, инвесторлар мен серіктестер табуға, өз жобаларын таныстыруға және жасанды интеллектіні іс жүзінде қолдануды қарастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ауқымды бастамалары аясында форумның маңызы арта түседі. 2026 жылғы маусымда Қазақстан Үкіметі, Firebird және NVIDIA жалпы сомасы 10 млрд доллар болатын келісімдер пактіне қол қойды. Бұл халықаралық технологиялық нарық үшін маңызды белгі болып, елдің жаһандық AI картасындағы орнын нығайтуға ұмтылысын көрсетті. Бұл ретте Астана елдің цифрлық күн тәртібін жүзеге асырудың негізгі алаңдарының біріне айналып отыр. Мұнда мемлекеттік бастамалар, технологиялық жобалар, стартаптар экожүйесі, халықаралық іс-шаралар мен инвестициялық мүмкіндіктер шоғырланған.
AI & Digital Bridge 2026 форумының өтуі Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануымен де мәнді. Форум цифрлық экономиканы одан әрі дамыту, AI шешімдерін енгізу және технологиялық кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін талқылайтын негізгі алаңдардың біріне айналады.
Форум өткен жылдары 100-ден астам елден 127 мыңнан астам қатысушының, 1500-ге жуық спикердің, 600 стартап пен 500 инвестордың басын қосты. Биыл Астанада 20 мыңнан астам қатысушы мен 100-ден астам технологиялық компания келеді деп жоспарланып отыр.