Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығын одан әрі қарқынды дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы басым міндеттер қатарында өндіріс көлемін арттыру, ұзақ мерзімді инвестициялар тарту, терең өңдеуді дамыту және заманауи технологияларды енгізу бар.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Покровка ауылындағы Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжіне бардым. Оқытушылар ұжымымен кездесіп, Президент Жолдауының негізгі бағыттары мен аграрлық саланың даму перспективаларын талқыладық.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өткен жылы ауыл шаруашылығының өсімі 6 пайызға жуықтап, агроөнеркәсіп кешені өнімінің көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Биыл жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 триллионнан 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібіндегі құны 500 миллиард теңгеден асатын перспективалы жобалар тізімі жасақталды.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін инвестиция мен технология ғана емес, білікті мамандар да қажет.
Жәлел Қизатов атындағы колледждің 103 жылдық тарихы бар. Білім ордасы аграрлық салаға қажетті мамандар даярлауға елеулі үлес қосып келеді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығының болашағы зор. Біздің міндетіміз – аграрлық білім беруді қолдау, ауыл шаруашылығы мамандықтарының беделін арттыру және жастардың туған өңірінде өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау.
Өйткені ауыл шаруашылығының болашағы – адамдардың біліміне, біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты.
Қайрат Айтуғанов,
Құрылтай депутаты