Әділеттің жүгі немесе «Әбіл» фильмінен кейінгі ой

Әділеттің жүгі немесе «Әбіл» фильмінен кейінгі ой

«Қайырымды қоғамның тірегі – әділетті билік». Бұл – Шығыс өркениетінің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің бүкіл философиясының өзегі. Ол мемлекеттің қуатын әскердің көптігімен немесе қазынаның молдығымен емес, билеушінің әділдігімен өлшейді. Өйткені әділетсіз билік уақытша үстемдік орнатуы мүмкін, бірақ ешқашан баянды қоғам қалыптастыра алмайды.

«Әбіл» фильмін көргенде әл-Фараби айтқан осы қағиданың көркем бейнесін көргендей болдым. Бұл фильм белгілі бір тарихи кезеңді баяндағанымен, оның көтерген мәселесі уақытпен шектелмейді. Экрандағы оқиға – кешегі күннің ғана емес, билік жауапкершіліктен ажыраған кез келген қоғамның тағдыры.

Фильмдегі ең ауыр әрі ең өткір диалогтардың бірі – Әбілдің әйелінің: «Қазір қолында билігі барлар ойына келгенін істеп жатқан жоқ па?» деген сөзі. Бұл – өткенге айтылған өкініш емес, бүгінгі күнге қойылған сауал. Заман өзгереді, билік ауысады, заң жаңарады. Бірақ адамның билікке деген көзқарасы өзгермесе, тарихтың сабағы толық игерілмейді.

Осы ойды совхоз белсендісінің: «Мөр менің қолымда. Не істейтінімді өзім білемін» деген сөзі одан әрі тереңдете түседі. Бір қарағанда қарапайым ғана тіркес. Алайда оның астарында тұтас бір жүйенің психологиясы жатыр. Мөр – заңның белгісі болуы керек еді. Бірақ ол заңның емес, менмендіктің символына айналған. Биліктің халыққа қызмет ету құралы емес, адам тағдырын шешетін күшке айналуы – кез келген қоғам үшін ең қауіпті құбылыс.

Фильмнің ең үлкен табысы – зұлымдықты бір адамның мінезімен түсіндірмеуінде. Әділетсіздік жеке адамның қатыгездігінен ғана туындамайды. Оған үнсіздік жол береді. Қорқыныш күшейтеді. Бейжайлық қалыпты жағдайға айналдырады. Сөйтіп, қоғамның өзі әділетсіздіктің үнсіз куәгеріне айналады.

Міне, дәл осы тұста фильмнің өзінен бөлек тағы бір көңілге қаяу түсіретін мәселе ойға оралады. Ол – осындай ұлттық мазмұны терең туындылардың көрерменге жету тағдыры.

«Әбіл» экранға шыққан күндердің өзінде-ақ оның көрсетіліміне қатысты түрлі кедергілер жөнінде әңгімелер айтылды.

 Мәселен, Семейде көрермен аз болғандықтан фильмнің кинотеатрдан алынып тасталу қаупі туғаны туралы ақпараттар тарады.

Қарағандыдағы «Таир» сауда үйіндегі кинотеатрда да көрермендер алдын ала жарияланған уақыттағы көрсетілімнің болмай қалғанына наразылық білдіргені жөнінде пікірлер айтылды. Егер мұндай жағдайлар рас болса, бұл бір фильмнің ғана мәселесі емес. Бұл – ұлттық киноның қоғамдағы орны туралы ойлануға мәжбүрлейтін мәселе.

Бұл жерде «Әбілдің» тағдырынан қазақ киносының тағдырын көруге болады. Өйткені коммерциялық табыс бірінші орынға шыққан заманда тарихи жадыны жаңғыртатын, ұлттық сананы тәрбиелейтін фильмдер көбіне нарықтың қатал талабымен бетпе-бет келеді. Кассалық түсім рухани құндылықтың өлшеміне айналған кезде қоғам ұтқандай көрінгенімен, ұзақ мерзімде ұтылатын да – сол қоғамның өзі.

Әл-Фараби қайырымды қоғамды материалдық байлықпен емес, рухани кемелдікпен өлшеген. Ендеше, ұлттың рухани кеңістігін қалыптастыратын дүниелерге де тек табыс әкелетін жоба ретінде қарауға болмайды.

 Кино – жай ғана ойын-сауық емес. Ол – халықтың тарихи жадын жаңғыртатын, ұлттық болмысын бекітетін, ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын қуатты өнер.

Бір қызығы, фильмнің экраннан тыс тағдыры оның экрандағы тағдырымен үндесіп кеткендей әсер қалдырады. Экрандағы Әбіл әділетке жету үшін арпалысса, бүгінгі «Әбіл» көрерменіне жету үшін күресіп жүргендей көрінеді. Бұл – ащы ұқсастық.

Кейде өнердің тағдыры өзі көтерген тақырыптың тағдырымен астасып кететіні болады. «Әбілдің» бүгінгі жағдайы соның бір мысалындай.

Ұлттық киноның тағдыры тек режиссердің, актердің немесе продюсердің мәселесі емес. Ол – қоғамның мәдени талғамының көрсеткіші. Егер біз тарихи жадымызды жаңғыртатын, ұлттық рухымызды күшейтетін фильмдерді кинотеатрдан көрмесек, қолдамасақ, ертең өз тарихымызды өзгенің көзқарасымен тануға мәжбүр болуымыз әбден мүмкін.

Міне, дәл осы жерде «Әбіл» тарихи драма болудан асып, қоғамдық-философиялық шығармаға айналады. Өйткені фильмнің негізгі кейіпкері – Әбіл ғана емес. Оның басты кейіпкері – ар мен биліктің, әділет пен озбырлықтың арасындағы мәңгілік тартыс.

Биліктің жауапсыз қолданылуы ең алдымен халықтың әділетке деген сенімін жояды. Әділетке сенбеген адам заңға емес, күшке сүйенеді. Күш үстемдік еткен жерде қорқыныш пайда болады. Қорқыныш орныққан қоғамда ақиқат айтылмайды. Ақиқат жоғалған жерде өтірік өмір сүрудің тәсіліне айналады. Мұндай ортада адалдық әлсіздік болып көрінеді, ал жағымпаздық қабілет саналады. Қоғамды іштен ірітетін де – осы.

Шығыс шайыры Сағди: «Адам баласы – бір тәннің мүшелері. Бір мүшесі ауырса, өзгесі де тыныш қала алмайды» деген. «Әбіл» осы сөздің көркем дәлелі іспетті. Бір адамның көрген қорлығы тұтас қоғамның жан жарасына айналады. Өйткені әділетсіздік ешқашан бір адамның ғана мәселесі болып қалмайды.

Фильмді көргенде еріксіз бүгінгі қоғам туралы ойланасың.

Заң шын мәнінде кімге қызмет етуі керек? Билік халықтың аманаты ма, әлде артықшылық па? Адамның қадірі қызметімен өлшене ме, әлде адам болғанымен бе? Фильм бұл сұрақтарға дайын жауап ұсынбайды. Бірақ әр көрерменді өз ар-ожданының алдында жауап іздеуге мәжбүрлейді.

Абай: «Әділет, рақым, арлылық – үшеуі бір кісіден табылмақ» дейді. Осы үш қасиет биліктің де, қоғамның да темірқазығы болуы тиіс. Егер биліктен әділет кетсе, рақым жоғалады. Рақым жоғалған жерде ар әлсірейді. Ал ар әлсіреген қоғамның сыртқы келбеті бүтін болғанымен, рухани іргесі сөгіле бастайды.

Ал басқа бір сөзінде Абай: «Ар сақтауды алдымен ойла» деп өсиет етеді. Бұл өсиет өнерге де қатысты. Өйткені рухани арын сақтай алған халық қана өзінің тарихын, мәдениетін, ұлттық жадын сақтап қала алады. Сондықтан «Әбіл» – бір фильмнің ғана атауы емес. Ол – тарихи жадыны, әділетке деген сенімді және ұлттық арды қорғауға үндейтін рухани құбылыс.

«Әбіл» – өткеннің шежіресі ғана емес. Ол – бүгінгі күнге қойылған моральдық сұрақ. Біз тарихты есте сақтап қана қоймай, оның сабағын санамызға сіңіре алдық па? Фильмнің көрерменге қалдыратын ең ауыр жүгі де – осы.

Уақыт өзгереді, ұрпақ алмасады. Бірақ әділеттің қадірі де, ардың салмағы да ешқашан өзгермеуі тиіс.

Мақпал Орынбетова,

жазушы, қоғам қайраткері, Желтоқсан қаһарманы, Қазақстанның құрметті журналисі