«Әбілден» қандай әсер алдық?

«Әбілден» қандай әсер алдық?

Шетелдердегі кинофестивальдерге ұсынылып, бірнеше жүлдені қанжығасына байлаған «Әбіл» көркем фильмінің Қазақстандағы премьерасы еліміздің үш қаласында, Алматы, Қарағанды және Астанада ұйымдастырылды. Елордадағы көрсетіліміне біз де қатысып, туындыны тамашаладық. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағындағы жекешелендіру науқанымен бетпе-бет келген алтын бесігіміз ауыл жұртының аянышты жағдайы қазақтың басынан өткен қасіретті тарихпен астастырылған, қазір ел кинотеатрларында жүріп жатқан фильмнің сценарий авторы әрі қоюшы режиссері – Елзат Ескендір.

Қазақтың атакәсібі – мал шаруа­шы­лығы. Бұрын да, қазір де төрт түлік ауыл халқының негізгі асыраушысы болып келе жатыр. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында жүргізілген ұжымдастыру науқаны қазақты малынан айырды, малдылардан бай-кулак деп, барын тартып алып, жер аударды, тіпті кейбірін оққа байлады. Соның салдарынан халқымыз ашаршылыққа ұрынды...

Тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру кезінде дәл осындай болмаса да, осыған ұқсас жағдай орын алды. Совхоз, колхоздар таратылып, күні-түні дамыл көрмей, тер төгіп еңбектенген кейбір адамдар жемқорлықтың кесірінен алар үлестерінен қағылып, тентіреп қалды. Фильмнің бас кейіпкері отбасымен қой бағып отырған Әбіл есімді шопан тура осындай тағдырды құшты.

Әбіл бейнесін кәсіби актер емес, белгілі дәстүрлі әнші, композитор, публицист, өнертанушы Ерлан Төлеутай сомдады. Оның актерлік жұмысы халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланып, бірнеше мәрте «Үздік актер» аталымын жеңіп алды. Лайықты деп айтар едік. Фильм режиссері Елзат Ескендірдің айтуынша, бас кейіпкер бейнесін сомдайтын актерді ол ұзақ іздеді. Кәсіби актерлер де қаралды. Ерлан Төлеутайға тоқтаған себебі, режиссер оның өне бойынан, жүріс-тұрысынан дала қазағының аңқып тұрған иісін көрді. Режиссер қателеспеді, оған Әбіл бейнесінің шетелдік кинофестивальдерден алған жүлделері, фильмді көрген көрерменнің беріп жатқан жоғары бағасы дәлел. Мәселен, Астанадағы көрсетілімнен кейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ерлан Төлеутай мен кейіпкердің жары Шынар бейнесін сомдаған Нұржан Бексұлтанованың есімдерін ерекше атап өтті.

Фильм желісіне келейік: Әбіл – ұжымдастыру кезінде малы тәркіленіп, жер аударылған байдың ұрпағы. Оның аталарын жер аударып, өзін қой соңына салып қойды. Аюптың (актер Қайрат Кемалов) шаңырағындағы отырыста Әбіл соны күйініп айтады. «Егер солай болмаса, басқаша өмір сүрер едім» дейді. Бұл жерде Әбілдің тағдыры ғана емес, ауылдан, мал бағудан шыға алмаған кейбір азаматтардың да тағдыры қылаң береді. Кешегі кеңес заманында қой басын көбейтейік деген желеумен мектепті жаңа бітірген кейбір жастарды оқуға жібермей, қой бақтырғаны шындық. Сол беті бойдағы талантты аша алмай, ауылда мал соңында қалғандары қаншама. Бұл фильмде сырнаймен ән салатын бір қойшы кейіпкерден де көрінеді. Кеңес кезеңінде орыс тілі үстемдік құрғаны белгілі. Әнші-қойшыға бұл тілді білмеуі де кедергі болды.

Біздіңше, фильмде ұлттың рухы мәселесі де қозғалады. Әбіл колхоз таратылып, еселі еңбегі үшін алар үлесін сұрағанда өзі бағып үйреткен торы атты да сұрайды. Колхоз бастығы Болат (актер Ұлан Нүсіпәлі) басында бергендей болады. Бірақ соңында сөзінен айнып, атты басқа біреуге беруге тиісті құжатпен бекітеді. Жануарды Әбілден алуға келгендер қарсыласқан қойшыны сабап, амалы құрыған ол үйіне ертоқымын арқалап қайтады. Қазақ – ат үстінде өскен халық. Кешегі жаугершілік заманда жылқы ұлтымыздың сенімді серігі болды. Соның арқасында жерімізді қорғап қалдық. «Қазақты аттан түсіргенде, ұлтымыз­дың рухын да сындырды» деген сөз бар. Жоғарыдағы көріністен фильм авторлары соны тұспалдағандай болды.

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толады. Фильмде осы жайында да айтылады. Аюптың ұлы Қасен (Ғазиз Сұрапбаев) сол көтеріліске қатысып, сотталады. Босап шығуына байланысты әкесінің шаңырағындағы отырыста бұл туралы да әңгіме болады. Дастарқан басында Қонаев, Колбин, Назарбаев есімдері аталады. Әркім саясатқа әртүрлі баға береді. Кеңес заманы мен тәуелсіз Қазақстан жағдайы сөз етіледі.

Жалпы көпшілік көрермен фильмдегі Әбіл бейнесінен аңыз кейіпкерлері Әбіл мен Қабыл оқиғасын іздеді. Біздіңше, Әбіл – белгілі, ал Қабыл – жоғарыдағы Болат және оның айналасындағы адамдар.

Туындыда мал дәрігері Нұрбек (Ербол Шүкіров) дейтін кейіпкер бар. Сол Әбілмен әңгімеде «Қазір өгіз-адам емес, түлкі-адам керек» деп шопанға кеңес береді. Бұл сөзде қашанда өзекті мәселе жатыр. Адал еңбек етіп, тер төккендер үлесінен қағылып жатқан жағдайлар аз емес. Ал керісінше, түк істемей, басшылардың тілін тапқандар шалқып жатады. Фильмде Әбілдің бейнесінен соған ашық мысал келтіріледі.

Жалпы сол тоқсаныншы жылдары ауылдан қалаға көш қатты жүрді. Бұған жұмыссыздық, ауылдың ауыр жағдайы қатты әсерін тигізді. Алтын бесіктің тоз-тозы шығуы содан басталды. Қойды тапсырған Әбіл де бір сөзінде енді не істейсің деген сұраққа «Қалаға барып, базарда тәшке сүйреймін» деп жауап береді. Бірақ соңында «Не болса да, қойымды бағып, қала беремін» дейді.

Елордадағы көрсетілімге қатысып, сөз сөйлеген мемлекет қайраткері Ералы Тоғжанов фильмде көрсетілгенінің бәрі шындық екенін, ауылдардың басынан өткен жағдай шынайы суреттелгенін атап өтті. Көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай да оны қостады. Қорыта айтқанда, «Әбіл» фильмі қазақтың басынан өткен тарихты боямасыз көрсетті. Ерекше атап өтерлігі, фильмде Аюп бейнесін сомдаған тамаша актер Қайрат Кемалов қазір өмірде жоқ. Қарағандыдағы премьера да оның жылдық асы берілген күнмен сәйкес келді. Кинотуынды арқылы талантты актердің аяулы бейнесін еске алдық. Бұл күндері фильм кинотеатрларда жүріп жатыр. Барып көріңіздер. Өкінбейсіздер деп ойлаймыз.