Абай  – ұлттың рухани  темірқазығы

Абай  – ұлттың рухани  темірқазығы
фото: №10 көпшілік кітапхана

Астана қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар» жүйесінің №10 көпшілік кітапханасында қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты мәнерлеп оқу кеші тағылымы мол, мазмұны терең рухани шара ретінде жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Рухани кешке №60 «Арай» балабақшасының «Қонжық» тобының тәрбиеленушілері, №42 және №43 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, сондай-ақ мектеп кітапханашысы қатысты. Шара барысында бүлдіршіндер мен оқушылар ұлы ақынның жүрекке жол табар өлеңдерін мәнерлеп оқып, Абай жырларының көркемдік қуаты мен тәрбиелік мәнін көрермен қауымға әсерлі жеткізе білді. Балғындардың кіршіксіз үні мен оқушылардың шынайы орындауы кештің мазмұнын байытып, ұлттық рухқа толы ерекше атмосфера қалыптастырды.

Кеш аясында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар ақынның ағартушылық қызметі, халқына қалдырған мол әдеби мұрасы мен адамзаттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды ой-тұжырымдары жөнінде кеңінен мағлұмат алды.

Сонымен қатар Абайдың әйгілі «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін тыңдап, «Желсіз түнде жарық ай» әнін караоке форматында бірге орындау кештің әсерін еселей түсті. Ән арқылы жастардың бойына білімге құштарлық, еңбекқорлық, адамгершілік, елжандылық секілді асыл қасиеттерді сіңіру мақсаты көзделді.

Тағылымды іс-шара барысында кітап көрмесі таныстырылып, Абай шығармалары мен ақын туралы әдебиеттерге шолу жасалды. Бұл өз кезегінде жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетке деген құрметін тереңдете түсті.

Осындай рухани мазмұны бай іс-шаралар – ұлттың ұлы тұлғаларының өнегелі өмірі мен өшпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісі. Абайдың даналыққа толы ойлары мен мәңгілік мұрасы әр буынның рухани шамшырағы болып қала бермек. Ұлы ақын аманат еткен білімге ұмтылу, ізгілік пен парасат жолындағы құндылықтар жас ұрпақтың жүрегінен орын алып, ел руханиятын байыта түсетіні сөзсіз. Мұндай тағылымды кездесулер Абай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, ұлттық сананы жаңғыртуға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және рухани құндылықтарды ұлықтауға өз үлесін қоса береді.