«Күзгі балл» кеші өтті

«Күзгі балл» кеші өтті

Жыл мезгілдерінің ішіндегі күрең күздің елге ырысы мен берекесін ала келетін шағы туысымен қызу қарбаластық басталады. Алтын дәнге оранған алқаптарға орақ түсіп, қыр астында тұрған қыстың алғашқы үскірігіне қалдырмай жинап алу науқаны қызады. Қыстың қамын жаз ойлаған жұрттың маңдай тері сіңген сары алтынды төкпей-шашпай қамбаға құюдың жауапты кезеңі жан-жағыңа қарауға мұрша бермейді. Отын-су, шөп жиналып, қылышын сүйреткен қыс қадамын еркін баспай, күз мерекесі тойланады.

Көңіл жайланған осы мерзімде күздің сыйын қызықтап мерекелеу адамға айрықша шабыт пен шаттық сыйлайды. Білім беру мекемелері де осы сәтті ерекше ықыласпен атап өтеді. «Әлімхан Ермеков атындағы № 38 мектеп-лицей» оқушылары да аталмыш мерекені атап өтті. «Күзгі балл» шәкірттерді  сән-салтанатымен, көркем көріністерімен баурап алды. Кеш «Ертегілер әлеміне саяхат» атты сиқырға толы туындылардың кейіпкерлерімен айқара ашылды. Көркем көріністер көрермендерін шынайы ғажайыптар әлеміне тартып әкеткендей әсер қалдырды. Кеш барысында 10 «А», 10 «Ә», 10 «Б», 10 «В» сыныптары төрт жұптық шығармашылық байқауына қатысып, өз өнерлерімен тәнті етті. Олар ертегі кейіпкерлерінің бейнесінде киініп, қиял-ғажайыптар әлеміне сүңгітіп, сыныптас құрбыларын асқақ армандар шыңында шарықтатты. Байқаудың жеңімпаздарын білікті ұстаздар тарапынан құрылған қазылар алқасы анықтап, талдай отырып бағаларын берді. Алтын күз мерекесін жоғары деңгейде ұлықтауға ұйтқы болған мектеп директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасарлары  Айгүл Сағитова мен Марал Құрманғалиева ханымдар және мектеп тәлімгері Айтуған Медина Мұратқызы, Гүлжан Жакеева сынды майталман мұғалімдер болды.

Кеш бірнеше бөлімді кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңі «Таныстыру» деп аталды. Бұл кезеңде таңдаған ертегілерінің желісі негізінде көпшілікке таныстырылу ұсынылды. Бейнероликтер арқылы ерекше идеялар ұсынылып, сахналық қойылымдар көрсетілді. 10 «А» сынып оқушылары әлем әдебиетінің жауһары атанған «Ромео-Джульетта» қойылымын сахналады. 10 «Ә» сыныбы «Сұлу мен Құбыжық» ертегісінің тылсым сырларын паш етті. 10 «Б» және 10 «В» сыныптары «Қаршақыз», «Күлшеқыз» ертегілерін көрермендеріне сыйлады. Келесі «Музыкалық сахналық көрініс» бөлімінде әр сыныптың жұптары өздері таңдаған ертегілерінің кейіпкерлер бейнесіне лайық музыкалық қойылым ұсынып, би биленді. Өнер көрсеткен оқушылар сахна мәдениетін меңгергендерін, үйлесімді қимыл, шығармашылық ізденіс пен дайындық деңгейлерінің жоғары дәрежеде екендігін айқын танытты. Байқаудың үшінші кезеңі «Дефиле. Күз дәмі» айдарымен аталып, онда қатысушылардың қиялы, қолөнеріне шеберліктері сынға түсті. Қатысушылар өз қолдарымен әзірлеген ас мәзірін көпшілік назарына ұсынды. Мектеп асханасының аспазшылары қатысқан арнайы жюри тағамнан дәм татып, өз өлшемдері (критерийлері) бойынша баға берді. Табиғи материалдар мен күзгі жапырақтарды үйлестіре отырып жасалған әдемі көйлектер көрушілер тарапынан ерекше ықылысқа бөленді. Көйлек тігушілердің тапқырлығы мен талғамы жоғары екені аңғарылып тұрды. Әсем безендірілген дастарқан ерекше тағамдарымен көз тартып, күздің мырзалығын, байлығын байқатқандай әсерлі болды. Залдағы көтеріңкі көңіл күй, қолдау-қолпаштау қатысушыларға шабыт беріп, жігерлендіре түсті. Байқауда «Күзгі сән үлгісі» де көптің көңілінен шықты. Күзгі кеш мерекесі оқушыларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, ұйымшылдық пен достықтың ерен үлгісін көрсетті. Кешімізде әсем әзілдер мен көңілді сәттер аз болмады. Кез келген жарыстың өз мәресі бар. Қазылар алқасының қатаң талаптары мен ұсыныстары ескеріліп кеш барысы қорытыланды.

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде: III орын – 10 «А» сыныбы; II орын – 10 «В» сыныбы; I орын – 10 «Ә» сыныбына бұйырса, бас жүлдені 10 «Б» сыныбының оқушылары Нұрасыл Алпыс пен Ақбота Ибрагим иеленді. «Күзгі балл» мерекелік кеші әрі тартымды, әрі әсерлі өтті. Кеш соңы әсем ән мен тамаша биге ұласты.

Балауса Құнанбай,  

«Әлімхан Ермеков атындағы № 38 мектеп-лицейінің 11 «Ә» сынып оқушысы