Астанада 300 мыңға жуық оқушы су ресурстарына ұқыпты қарауға арналған бірыңғай экологиялық сағатқа қатысты. «Су – Қазақстанның байлығы: бағала, сақта, қорға!» тақырыбындағы сабақтар елорданың жалпы білім беретін мектептерінде өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Экологиялық сағаттар Су ресурстары және ирригация министрлігі жүзеге асырып жатқан «Суды үнемде – болашақты сақта!» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба суды ұтымды пайдалану мәдениеті мен экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының міндеттерін іске асыруға ықпал етеді.
Экологиялық сағаттарды ұйымдастыруды Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы» КММ мен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп қамтамасыз етті.
Сабақ барысында оқушылар судың адам мен табиғат үшін маңызын, су ресурстарының шектеулі екенін, суды ұтымды пайдалану жолдарын және оны сақтаудағы жеке жауапкершілікті талқылады. Сондай-ақ күнделікті өмірде судың шығынын азайтуға көмектесетін қарапайым әдеттерге ерекше назар аударылды.
«Экологиялық тәрбие баланың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы керек. Сондықтан судың құндылығы туралы айтып қана қоймай, оқушыларға әр адамның күн сайын жасай алатын нақты әрекеттерін көрсету маңызды. Осы мақсатта педагогтерге сабақ жоспарлары, бейнематериалдар, практикалық тапсырмалар және талқылауға арналған материалдар қамтылған бірыңғай «Су сандығы» әдістемелік ресурсы ұсынылды. Экологиялық сағаттарды тұрақты өткізу балалардың суға ұқыпты қарау дағдыларын жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Алдағы уақытта экологиялық сағаттарды елорданың мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында ай сайын әр үшінші аптада өткізу жоспарланып отыр. Сабақтардың тақырыптары балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімделіп, суға және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың тұрақты дағдыларын қалыптастыруға бағытталады.