Түркияның халықаралық қоры Астана мен Алматыда мектептер ашады

Түркияның халықаралық қоры Астана мен Алматыда мектептер ашады
фото: Ажар Лаубаева

Түркия 2025 жылы шамамен 64 миллион туристі, оның ішінде 763 мыңға жуық Қазақстан азаматын қабылдады. Бұл туралы 3 қараша күні Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына арналған салтанатты шарада Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«1923 жылы 12,5 миллион халқы бар Түркия ұзаққа созылған соғыстардың салдарынан күйзеліске ұшырап, экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп жатқан еді. Бүгінде Түркия халқының саны 87 миллионға жуықтап, қарқынды дамып келе жатқан экономикасы, өңірдегі қуатты өнеркәсіптік әлеуеті және дамыған көлік инфрақұрылымы арқасында әлемнің 16 ірі экономикасының қатарына енді», - деді Елші.

Дипломат атап өткендей, Түркия туризм саласында да әлемнің көшбасшы елдерінің қатарында. «2025 жылы шамамен 64 миллион туристі, оның ішінде 763 мыңға жуық Қазақстан азаматын қабылдадық», - деді ол.

«Türkiye Bursları» гранттық бағдарламасы аясында 1992 жылдан бері Қазақстаннан барған 7 мыңға жуық студентке қолдау көрсетілген. Жыл сайын 300-ге жуық қазақстандыққа білім гранттары ұсынылады. Түркияның жоғары оқу орындарында бүгінде еліміздің 13 мың азаматы білім алып жатыр.

Бұдан бөлек, Түркияның «Маариф» қоры Астана мен Алматы қалаларында мектептер ашу жұмыстарын жалғастыруда.

М.Капуджу сондай-ақ, мемлекеттер басшылары деңгейіндегі бауырластық қарым-қатынастар туралы айта келе, кейінгі бір жылда жүзеге асырылған өзара сапарлар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін бергенін тілге тиек етті.

Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы сәуір айында Анталия дипломатиялық форумына қатысса, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған мамыр айында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына және Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Астана мен Түркістанға сапарлады. Кездесулер нәтижесінде «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға» қол қойылды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Түркияға ресми сапар жасап, Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитіне қатысты. ҚР Президентінің COP31 көшбасшылар саммитіне орай Түркияға тағы бір мәрте сапар жасауы күтілуде.

«2027 жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтетін боламыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымы 10 миллиард АҚШ долларына жетті. Мемлекет басшыларымыз айқындаған 15 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі межені алдағы бірнеше жылда еңсеретінімізге сеніміміз мол. Бүгінде Қазақстанда 5 мыңнан астам түрік компаниясы жұмыс істейді, ал еліміздің тікелей инвестицияларының көлемі 6 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы жобалар өз жалғасын табуда. Қазақстандық компаниялар да елімізге инвестиция құюда», - деді Түркия Елшісі.

Қазақстан Үкіметі атынан құттықтау сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындағаны қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасындағы айрықша оқиға екенін атап өтті.

Ведомство басшысы екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Түркияның халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдауы мен түркі интеграциясын дамытудағы ортақ ұстанымына тоқталды. Айтуынша, Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті түркі елдерінің бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, салтанатты шараға Қазақстанның мемлекеттік органдарының жоғары лауазымды тұлғалары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, түрік іскерлік қауымдастығының мүшелері, Қазақстанда тұратын Түркия азаматтары, мәдениет, өнер және ғылым салаларының көрнекті қайраткерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистер қатысты.