Мерейлі мамандық иесі

Биыл іргетасы сонау 1925 жылы қаланған Астана қаласы әкімдігінің №1 көпбейінді қалалық ауруханасына 100 жыл толады. Ғасыр уақыт тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсететін ірі мекемемен тағдырын байланыстырған, «мамандығым – мақтанышым» деп жүрген абзал жандар мұнда да аз емес. Соның бірі – 20 жылдан артық уақыт бір жерде ғана еңбек етіп келе жатқан медбике Кудусова Еркенже Қазезқызы.
«2004 жылы 19 жасымда №1 қалалық ауруханаға келдім. Ол кезде ғимаратымыз Бейбітшілік көшесінде шоғырланған еді. Енді ғана келген кезімде қамқорлығын аямаған мейірбике апалар, ақылын айтқан дәрігер ағалар аз болмады. Сол кісілердің арқасында біз де қазіргі толқын жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп жүрміз. 2011 жылы Р.Қошқарбаев даңғылында орналасқан жаңа, кең ғимаратқа көштік. Мінеки, содан бері осында тұрақтап, бәз-баяғы қалпымызша халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсетіп келеміз. Өзім дәрігерлер мен хирургтердің шұғыл араласуын қажет ететін оперблоктың медбикесімін. Яғни біздің бөлім – хирургиялық операциялар жүргізетін медициналық мекеменің мамандандырылған бөлімшесі» дейді медбике Еркенже.
Жеңіл емес, ауыр, алайда адам баласына бірінші кезекте ота жасайтын бөлімшеде босаңсуға болмайды, оған уақыт та жоқ.
– Біздің бөлім күн-түн дегенді білместен жұмыс істейді. Өз басым өмір үшін арпалысқан қаншама жандарды көрдім. Бірі көлік апатына ұшырап, бірі аяқасты аппендицит болып, жедел жәрдем көлігімен алып-ұшып келеді. Міне, осындай шақта әр минутымыз, тіпті әр секундымыз санаулы. Хирургиялық, неврологиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық, гинекологиялық, урологиялық, отоларингологиялық оталарды жасаймыз. Хирургтың жанында тұрып, қырағылық танытып, айтқанын мүлт жібермей, пинцет, скальпель, ілгіш, сүңгі, шприц және т.б. хирургиялық аспаптарды әперіп тұрамыз. Бөлмені дайындап, одан кейін стерилизациялауды ұмытпаймыз. Жалпы ота жасау – аса күрделі процесс. Бірнеше сағат тапжылмастан операцияда тұрған кездер болған. Ондайда қалғып кетуге әсте болмайды. Маңдайдан ащы тердің аққанын, аяқтың талғанын сонда ғана байқайды екенбіз, – дейді сын сағатта хирургтердің жанында тұратын Еркенже Кудусова.
«Елордамыздағы ірі медициналық кластердің бірі – №1 көпбейінді қалалық ауруханасында адамдардың денсаулығының оңалуына үлес қосып жүргенім, шын пейілмен айтқан алғысын естігенім үшін іштей тәубе деймін. Әр жылдары мекемемізді Алексей Цой, Марат Қарсыбекұлы, ал бүгінде Ербол Жақсылықұлы биік абыроймен басқарып келеді. Марат Әбдуов бас дәрігер боп жүргенде еңбегім еленіп, алғыс хатпен марапатталғаным бар. Операциялық бөлімшенің басшысы Сағынғали Әбдуәліұлы да қарамағындағы бізге қамқор боп жүреді» дейді жүзінен мейірім төгілген мейірбике.
«Мен әулеттің сүт кенжесімін. Марқұм ата-анам дүниеге келгенде есіміме «ер» деген тіркесті қосып, Еркенже деп атаған. Жалпы адам атының өзі тағдырына ықпал етсе керек, жастайымнан өжет болдым. Мектепте, колледж қабырғасында, жоғары оқу орнында оқып жүргенде үнемі ермінезділік, қайсарлық танытады екенмін. Бірақ өзіме бұлар біліне қоймайды, оны маған айналамдағы жандар айтады. Өмірдегі мақсатым – жұбайымыз екеуміз өсіріп жатқан ұл-қызымыздың егеменді елде заманға лайық білім алуына септесу, ұлттық тәлім-тәрбие беру, міндетім – өзім таңдаған, абырой сыйлаған жұмысымды мүлтіксіз орындау, өмір үшін арпалысып жатқан пенденің бетінің бері қарауына білгір дәрігерлеріміз бастаған, біз қостаған үлкен ұжымның бөлшегі боп қалу. Маусым айының үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде тойланатын кәсіби мерекеміз – медицина қызметкерлерінің күні құтты болсын, ақ халатты абзал жандар, Гиппократ антына адал боп жүрген жандар!» деп түйіндеді сөзін денсаулық сақтау саласының қызметкері.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ