Мектеп оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелері ерекше форматта түсіндірілді
Астанадағы Т. Айбергенов атындағы №16 жалпы білім беретін мектепте оқушыларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге бағытталған ауқымды әрі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға жол-патрульдік полиция қызметкерлері қатысып, балаларға көшедегі тәртіп пен қауіпсіздіктің маңызын жан-жақты түсіндірді.
Оның негізгі мақсаты – оқушылардың жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша білімін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және көшеде әрі қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Акция аясында бастауыш сынып оқушылары арасында танымдық әрі шығармашылық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мәселен, 4-сынып оқушылары жол қауіпсіздігіне арналған әсерлі флешмоб өткізді. 1-сынып оқушылары «Бағдаршам» тақырыбында түрлі түсті аппликациялар жасап, қолөнер жұмыстарын ұсынды. 2-сынып оқушылары «Қауіпсіз жол» атты сурет байқауына қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Ал 3-сынып оқушылары жол қозғалысы ережелерін насихаттайтын креативті бейнероликтер дайындады.
Сонымен қатар, 7-сыныптың «Жас сақшы» жасағы бірінші сынып оқушыларына арналған «Қауіпсіз жол» атты танымдық сабақ өткізіп, ойын түрінде жол ережелерін үйретті.
Мұндай профилактикалық жұмыс балалардың жол қозғалысы ережелері жөніндегі білімін нығайтып қана қоймай, жауапкершілік пен сақтық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді, дейді ұйымдастырушылар.



