Мәслихат

Көше атаулары ұсынылды

Астана қаласы мәслихатының көпшілік тыңдауларында мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен елорданың кейбір көшелеріне атаулар беру мәселесі талқыланды. Тиісті баяндаманы қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жасады.

Оның айтуынша, жаңа атаулар Қазақстанның өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынасын нығайтуды көздейді. Алғашқы атау ретінде Нұра ауданындағы жобалық Е754 көшеге София атауын беру ұсынылды. Бұл Болгария астанасы София қаласының орталық көшелерінің біріне Астана атауы берілуіне байланысты болып отыр.

«Тағы бір ұсыныс Пәкістанға қатысты. Нұра ауданындағы жобалық атауы Е15 көшеге Мұхаммед Әли Джиннаның есімін беруді ұсынамыз. Ол Үндістандағы мұсылман саяси қайраткері ретінде заңгерлікпен айналысып, 1947 жылы Пәкістан мемлекетін құруға үлкен үлес қосты. Яғни заманауи Пәкістан мемлекетінің негізін қалаушы деуге болады.

23 қазанда елорда әкімі Жеңіс ­Қасымбек пен Пәкістанның Қазақ­стандағы елшісі Бхатти Наумар Башир мырза арасында кездесу болды. Онда Астана қаласындағы көшелердің біріне Мұхаммед Әли Джиннаның атын беру, ал Пәкістанның Исламабад қаласындағы осыған ұқсас көшелердің біріне қазақтың көрнекті ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының есімін беру мәселесі талқыланды. Келер жылы Мемлекет басшысының Пәкістанға ресми сапары болуы мүмкін. Абай көшесі сол кезде ашылады деп жоспарлануда» деді Сәкен Есіркеп.

Үшінші ұсыныс Италия мемлекетіне қатысты болды. Тұран даңғылынан басталып, Қабанбай батыр даңғылында аяқталатын, «Астана Арена» спорт кешені мен «Алау» мұзайдыны сара­йының арасында орналасқан атаусыз көшеге Марко Полоның есімін беру енгізілді. Бұл – жақында Қазақстанға Италия президентінің ресми сапары кезінде көтерілген мәселе. Сол кезде Мемлекет басшысы Марко Полоның атын Астананың орталық көшелерінің біріне беру туралы тапсырма жүктеді.

Баяндамашы жақында Италия астанасы Римде, Вилла Грациоли сая­бағында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының бюсті салтанатты түрде ашылғанын еске салды.

Қалалық мәслихат депутаттары бұл ұсыныстарды қолдады. Олардың арасында Кендебай Адамбек, Бауыр­жан Смайылов, Ғабит Тәжімұратов оң пікірлерін жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button