Ел тынысыСаясат

Инклюзивті қауымдастықпен Конституция жобасын талқылау өтті

Астана қаласындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығында инклюзивті қауымдастық өкілдерімен Конституцияны талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиын барысында жаңа заң жобасының маңызы, оның қоғам өміріндегі рөлі мен болашаққа әсері жан-жақты сөз болды.
Кездесуге «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалының басшысы Ерлан Каналимов, аталған филиал басшысының орынбасары Ғабит Тәжімұратов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, тележүргізуші, журналист Санди Сұлтан және «Қанаттылар» инклюзивті театрының директоры Арнұр Ысқақов қатысты. Кездесуді Ғабит Тәжімұратов жүргізді.

Жиында сөз алған Ерлан Каналимов Конституцияны қабылдау – заман талабы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі цифрлық дәуірде технология қарыштап дамып, қоғам жаңа кезеңге қадам басып отыр. Осындай уақытта еліміздің заманауи талаптарға сай Конституция қабылдауы – тарихи қажеттілік. Жаңа құжатта әр азаматтың және мемлекеттің міндеттемелері нақты айқындалатынын жеткізді. Сондай-ақ ел болашағы осы заң жобасымен тығыз байланысты екенін айтып, қоғам қолдауының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қалған спикерлер де жаңа заң жобасы мен қолданыстағы Конституция арасындағы айырмашылықтарға тоқталып, өзгерістердің мәнін кеңінен түсіндірді.

Бибігүл Жексенбай өз сөзін инклюзивті қауымдастық өкілдерінің еңбегін жоғары бағалаудан бастады. Ол олардың еңбекқорлығы мен талпынысы бүкіл қоғамға үлгі болып отырғанын айтты. Сонымен қатар қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен түрлі ақпараттық ресурстардың қарқынды дамуы қоғамға жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтті.

Сенатор Конституцияның не себепті дәл қазір қабылдануы қажет деген сауалға да нақты жауап берді. Оның айтуынша, әлем қарқынды өзгеріп жатыр, технология дамуда, цифрлық жаңа кезең қалыптасуда. Осындай үдерістерге ілесу үшін азаматтардың құқықтарын нақтылайтын, ел болашағын айқындайтын маңызды құжат қажет. Уақыт талабына сай шешім қабылдау аса маңызды екенін айтып, бұл құжаттың дер кезінде ұсынылып отырғанын жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Жиын ашық диалог форматында өтіп, қоғамның әртүрлі өкілдері өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.

Шапағат Әбдірұлы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button