Ақселеу Сейдімбек неге жаза тартты?
Ақселеу екeуміз әрі жерлес, әрі құрдас, әрі әріптес-журналист ретінде ғана емес, біздің әуелден жан сала кіріскен екінші кәсібіміз, ақысыз-пұлсыз арқалаған бейнетіміз – қазақ тарихының мәселелері болғандықтан, қан жақындығынан гөрі рухани туыстығымыз қымбат болатын. Біз, әділін айтқанда, қазақ тәуелсіздігін аңсаған аздардың қатарынан болатынбыз. Кезінде «ұлтшыл» деп қара таңба басатынын, басқандығын, кезегіңді шегеріп, өрісіңді тарылтатынын білсек те, түкпірдегі бір құпия күш, жасырын сезім бойды еріксіз билеп, сыртқа шығуға тебінетін, кейде сыртқа шығып та кететін. Алайда сауатымыз бар, бір кісідей біліміміз, қазақы һәм советтік тәрбиеміз бар ғой, ашық ұлтшылдыққа барып, басын жарып, көзін шығарғанымыз және жоқ. Бұл жағынан Ақаң менен де сақ еді, білмеймін неге екенін, тоқсаныншы жылдары жаза тартты. Кеше ол бақиға аттанған күн еді…
Тұла бойы таланттың қайнары, қай жағынан қарасаң да, өнердің кені болған азаматты көре алмаушылар жала жапты. Және сол жала іске асып, оның тағдырын өзгертіп жіберді. Бір есептен, орыстар айтпақшы, «нет добра без худа» деген сияқты, Ақаңды шарболаттай ширатты. Ғылымның әліппесінен қайта бастап, құзар басына дейін өрмелетті, табысты етті, талай пенделерге өзінің кім екенін көрсете білді. Жұрт ерте таныған жақсы журналист, көсіле сілтейтін көсем жазушы білетін Ақселеуді қазақтың әргі-бергісін қаза зерттейтін шын ғалым, Ақселеу Сланұлы Сейдімбеков етіп қалыптастырды.
Әлі есімде, «Жалын» журналының 1987 жылғы 7,8-сандарында шыққан Темірболат Ахметов деген автордың ол туралы жайсыз пікір таратып, жазғандары туралы өзінен сұрағанымда, Ақаң: «Ондайларға назар аудара берсең, қартайып қаласың» деп әзілдей салып еді. Қажырлы, қайратты адамның сөзі. Тіпті, газет бетінде Ақселеуді көпе-көрнеу қаралап, шындықты бұра жазған шаруалар да бір кезде өршіп берген. Сондай шақтың бірінде, мен өзім төсек тартып жатсам да, Қызылжардан телефон соғып, «Ақа, мен сені қорғап, жақтап материал жазайын» деп ынта да білдірдім.
«Жоқ, – деді ол. – Саспа, мен таза болмаған соң, ұйымдастырып жатыр деп ойлайды. Жаза берсін. Менің қандай кінәм бары-жоғы әлі-ақ дәлелденеді» деп маған тыйым салды. Бір-екі рет оқталып, жазбай қалдым.
Ақселеу Сейдімбектің кәсіпқой журналистік қызметтен 1987 жылы аяқ астынан қол үзуіне тура келеді. Қазақстандық жастар баспасөзінің тамаша үлгісі болып үлгерген «Білім және еңбек» журналының тектес басылымдар арасында Одақ бойынша бірінші орын алғанына қарамастан және бас редактор ретінде БЛКЖО-ның ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасымен марапатталғанына қарамастан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты «Қазақ ұлтшылдығын дайындаушылар» санатында комсомолдың Орталық Комитетінің бюросында ол бас редакторлық қызметтен босатылды
Ақаң Қарағандыдан қызметі өсіп, Алматыға барған бетте-ақ оның «Социалистік Қазақстан» сияқты журналист біткеннің арманы болған газеттің әдебиет бөлімі сияқты үлкен қызметке келуін қызғанып, бірден тітіркенгендер тіс қайрады. Сол кезде Алматыда, тағылыққа бергісіз осындай бір өте жайсыз жағдай орын алған. «Биографияң келсе де, географияң келмейді» деген жетесіз сөздің таралуы тегін емес. Оны да білемін. Бірақ, Ақаң тіс жарып айтқан емес. Ондайдан биік еді ғой. Мейлінше таза жүріп-тұруға ұмтылды, сақтанды. Тіпті, жылы жақтың мінез-ғұрпына еріксіз бейімделіп, Арқадан дарыған арынын тежеп ұстады. Әлгі сол жылдары: «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» дейтін әзілдің шындығы да болғанын айта кетейін.
Бірде, сол музыкалық телехабар Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналды. Жәнібек «Көкшолақты» айтқаннан кейін, Ақаң қостап: «Қандай ғажап, болмысы бөлек ән! Тұнып тұрған сезім, әсер… Енді Кенекең де тумайды, мұндай ән де тумайды» десін. Шынында, «Көкшолақ» жақсы ән болса, болған шығар. Бірақ, «Енді мұндай ән тумайды» деп, күйзеле күңіренуді артық көріп, Ақаңа телефон соқтым. Әзіл-шыны аралас: «Ей, Ақам-ау, мен сені бірдеңе біледі деп жүруші едім, мынауың не? Енді «Кенен тумайды» деп көз жасыңды төгіп жібергеніңе не жарық? Кенен тумаса, бүкіл қазақ өнері құрып қала ма?» деп зекідім. «Ұрпаққа осылай тәрбие бересіңдер, ақиқаттан аттап» деп қосып қойдым. Ертеңіне Ақаң маған қайта телефон соғып «Қарағандыда жатырсың. Бұл – Алматы. Сен біле бермейсің ғой» дегенін неге ұмытайын?! Міне, біздің ұрпақ осындай баспақ тірлік, көріксіз кезеңді де бастан кешкен. Әр санын асыға күтіп, Сейдімбеков, Сегізбаев, Бодаубаев, Нұрғалиев, Құрманғалиев, Сарбалаев, т.б. өзімізге көзтаныс әріптестеріміздің жазғандарын «Лениншіл жастан» оқып, қуанып отыратынбыз. Әлі есімде, Оралхан Бөкеевтің, ұмытпасам, «Жұлдыз жауған түндер-ай» деген тақырыппен басылған ақ өлең сипатты толғауын екі-үш қайталап оқығанбыз.
«Лениншіл жастың» меншікті тілшісі ретінде Ақаң Қарағандыдан, Ақмола, Қостанай өңірінен көп материал жазды. Бір ғажабы, сол көптің екеуінің бірі – очерк. Тіпті, әлі күнге ұмытқам жоқ, Қостанайдың бір механизаторы, аты Баязит Жақсылық-ау деймін, сол туралы тізбекті үш очерк жазды. Үшеуі де бірнен бірі өтеді, әдемі. Сұңғыла жаратылған азамат, көп жер аралап, көп адамдармен кездесіп, көп оқып, өзін-өзі қайрап, ой-өрісті салқар жазушы Сейдімбеков болып қалыптасты. Ақселеу, әсіресе Теміртау сияқты өндіріс ошағындағы қазақ жігіттері мен қыздарын іздеп тауып, соларды дәріптеді. Мысалы, домна пешінің горновойы Нұрсұлтан Назарбаев, мартен пешінің конвертері Арғын Жүнісов, Алтынбек Дәрібаев, Төлеген Адам-Юсупов сияқты болашақ қайраткерлерді ашқан, бүкіл Қазақстанға танытқан журналист Ақселеу Сейдімбеков деуге құқым бар-ау деймін. Мен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне 1973 жылы келгеннен кейін, екі жылдан кейін газет редакциясының жауапты хатшылығына «Лениншіл жастан» Ақселеу келді. Аз уақыт бір ұжымда болдық.
Ақселеу марқұмның кісілік қасиетін ашады-ау деп, бір жағдайға тоқталмақпын. Қарағандының газетінде Ақаңмен бірге КазГУ-де оқыған Шайхан Жандаев деген азамат болды. Бізден үш жастай кіші, бәкене бойлы, қолтоқпақтай ғана жуас жігіт болатын. Нағашы атасының қолында тәрбиеленген, шалдың баласы екені көрініп тұратын. Ақкөңіл, аңқау, оңы-солына сақ қарауға дағдыланбаған, бала мінезді еді. Жап-жақсы ақындығы да бар. Ол кезде редакция аппаратындағылар кілең 50 мен 60-тың арасындағы «қу мүйіздер», тіс қаққан, 20-30 жылдан істейтіндер. Кемшілік болмаса да табады. Мақалаңды ебін тауып, түкке алғысыз етіп тастайды. Жастарға жол бере қоймайды. Сол жастардың қатарында 25-тегі Шайхан мен 30-дағы мен бармын. Маған құрдас керек, Шайхан досымды айналдырамын, әзілдеймін. Албырттық па, кейде батырыңқырап жіберсем керек. Сонда, Ақаң: «Менің Шайханыма тиме, ол асыл жігіт» деп қоятын. Бір емес, бірнеше мәрте солай дегені бар. Қазір ойлап отырсам, жасыңнан бірге өскендерге сыйластық қана керек екен ғой.
Тіпті, кейін Ақаң өзі Алматыға, «Социалистік Қазақстанға» қызметке кетіп бара жатып, әдейі бұрылып: «Зақа, Шайханымды саған тапсырдым» деп қиыла сұрағаны әлі есімде. Ақаңның сырт тұлғасы «Қазақ болса,осындай-ақ болсын» дейтіндей, бейнесі көз тоқтатарлық, қалай көркем болса, мінезге де бай еді. Анық келіспей, айқаса кеткелі тұрған бізге: «Сабыр. Сабыр. Кішкене күт, уақыт өтсін, содан соң, қайта бастайық» деп, жаңағы шиеленіскелі тұрған түйінді тарқатып, әдемі әзілмен әдіптеп жіберетін. Ақаңның Жайық аға Бектұровпен достығы, Ебіней Бөкетовпен сыйластығы, шығармашылық ынтымағы туралы бірталай шаруаға куә болдым. Мысалы, Бөкетовтің «Человек, родившийся на верблюде» деп қойған тақырыбын қазақшалаған Ақселеу еді. «Атан қомында туған адам». Сол кітаптың қолжазбасы түгелдей Ақаңның қолынан өткенін білемін.
Қазақ тарихы мен этнографиясына жасынан қанық болып, оларды кейін ғылыми біліммен байытқан Ақамыз, жасы елу-алпысқа жетпей-ақ қазақтың абыз ақсақалындай толысты. Әлдеқалай, қазақ тұрмысына қатысты қолына түскен материалды, өзі айтқандай, «сақал-мұртын басып», «перне-тиегін түзеп», «ішектерін күйіне келтіріп» сыңғырлатып жөндеп отырғанын көргенмін. Өзі авторы болмаса да, үстінен қарағанның өзінде, қолжазбаны құлпырта өңдейтін адалдығына куәмін. Ақселеудің қолтаңбасы танылып тұрған эссе сипатты әсем ширатылған мақала ма, очерк пе, басқа біреудің қолымен жарыққа шыға беретін. Оның мұндай редакторлығын байқаған жалғыз мен ғана емес шығармын. Осымен тоқтайын.
Ақселеу Сейдімбектің кәсіпқой журналистік қызметтен 1987 жылы аяқ астынан қол үзуіне тура келеді. Қазақстандық жастар баспасөзінің тамаша үлгісі болып үлгерген «Білім және еңбек» журналының тектес басылымдар арасында Одақ бойынша бірінші орын алғанына қарамастан және бас редактор ретінде БЛКЖО-ның ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасымен марапатталғанына қарамастан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты «Қазақ ұлтшылдығын дайындаушылар» санатында комсомолдың Орталық Комитетінің бюросында ол бас редакторлық қызметтен босатылды».
Бұлай дегеніміз екі ауыз ғана қарасөзге жүк болған өңсіз ақпарат қой. Сол ақпараттың алды мен соңында, басталуы мен нәтижесінде Ақселеу Сейдімбеков сынды азаматтың қанша жүйке-сезімі, денсаулығы мен арман-тілегі, жоспар-мұраты кетті десеңізші?! Ет-сүйектен жаратылған пендені тірідей көрге көмумен бірдей, сол бір күндер мен апталар, айлар өтіп, жылдарға созылған қиянатқа Ақаң душар болды. 1986 жылғы дүрбелең – қазақ тарихында бедері қалған тарихи оқиға ғана емес, сонысымен де «қазақпын» деген әрбір саналы азаматқа сын болғанын замандастарым ғана біледі. Кімнің кім екені бір ғана сәтте ашылып қалды.
Иә… Кейінгі ұрпаққа түсініксіз қалған, әрқайсымыздың жүрек түкпірімізде, о дүниеге бірге кететін сыры бар, жақсы-жаманы аралас құбылыстың жұмбақ жағы көп болған. Шетін пікірге қимайтын, өзім қатты сыйлайтын талай азаматтың сол сәттерде сыр беріп қалғандығын көрдік, кейідік. Тіршілік үшін күресуге тиіс жәндіктің әрекетіндей, ғылымдағы «өзін-өзі сақтау инстинкті» деген мақұлық сезімге бой алдырған дос-туыстарымыз туралы Ақаң екеуміз кейін өкінішпен еске алатынбыз. Бірақ, арым таза, шынымды айтайын, солардың әрқайсысын ақтайтын дәлел тауып, «енді қайтсін, байғұс. Оныкі де дұрыс, әйтпесе…» деп кешірім бердік.
«Білім және еңбекке» сәтті тағайындалды-ау деп күткен Ақамыз сегіз қырынан бірдей жарқырап шыға келді. Мүмкіндігі газеттен де гөрі құлаш сермеп көсілуге, тақырып таңдауға өзі де лайық редактор, әрине, бірінші кезекте, қазақ мүддесі, қазақ тарихы мен қазақы тәрбие дегенде еркінсіп бара жатқанын қырағы көздер қиырдан шалып, бірден бақылауға алды. Енді қарап отырсам: «Ой, арманда кеткен Ақам-ау, қазақта нең бар еді?! Сені жанып жатсаң да, оттан суырып алатын қай қазағың болды, өңшең құлқынның құлы, ой-түйсігін қарыны билеген мансапқорлар емес пе еді, айналаң!» деп күйзелемін қазір.
Елде қаптап келе жатқан «аралас мектеп» дегендерге қарсы Ақаң журнал бетінде соғыс ашты. Жер бетіндегі қазақтың санын түгендеген Мақаш Тәтімовтің зерттеу-саралау мақаласын 1986 жылдың соңғы нөмірлеріне екі бөліп басып жіберді. «…Осы бетімен өсе берсе, алдағы уақытта Қазақстан амандық болса, 40 миллиондық ұлты бар, көпұлтты республикаға айналады. Қазақтың үлес салмағы алпыстан асып, жетпіс процентке жуықтайды…» деп қуанды. Таралымы, сол кезде 73 мыңдай, журнал «Білім және еңбек» қазақ балаларының іздеп тауып, жастанып жатып оқитын білім кеніне, ұлттық намыс, жігер тәрбиесіне айналып еді…
Кейін естідік қой: «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) Чугаев деген бөлім бастығы «Көшпелілер» («Кочевники») деген атпен Шона Смаханұлының, Ақселеу Сейдімбектің, Мұрат Әуезовтің, Олжас Сүлейменовтің сырттарынан іс жүргізіп, қылмысты деректер жинапты…» дегенді…
Ақселеу Сейдімбектің сағын сындырып, саяси айып тағып, қаңғытып жібермек болғандар, оның кім екенін әлі де білмеген екен. Өртеп жібергенде, өз күліне жан бітіп, қайта тіріліп шыға келген аңыздағы нағыз Феникс екенін Ақаң қазаққа танытып кетті. Бағына қарай, арайлап Тәуелсіздік таңы атты, сағынған Сарыарқасына Астанам келді, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді…
Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры