Тұлға

Алғашқы адамдар түркі тілінде сөйлеген

Жазушы, тарихшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғараұлы 85 жасқа толды. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап ерен еңбекті, қайтпас қажырды өз өмірінің ең адал серігі еткен жанкешті жазушы қазірге дейін қолынан қаламын тастамай, төл тарихымызға қатысты талай деректі індете зерттеп, бағамдап байқағанын хатқа түсірумен келеді. Иә, алғаш жазған әдеби туындыларын айтпай-ақ, «Алтын тамырдан» бері таратсақ та, Қазақтың Қойшығарасының ұлтымыз мәдениеті мен тарихына қосқан үлесі, салған олжасы, ашқан жаңалығы аз емес. Бірақ бүгінгі қоғам сол еңбектердің қадіріне жетіп, қасиетін бағалай алып жатыр ма? Ақсақалмен арадағы әңгімесіз осы сұрақтан өрбіді.

Газет бағытымды өзгертті

-Қадірлі Қойшы аға, жаңа жасыңыз құтты болсын. «Өткенді айтпай келергі еске түспейді» дегендей, өткен 80 жылдағы сіздің өмір жолыңызға көз жіберсек, еңбек жолыңызды журналистикадан бастап, арасында әдебиет әлеміне ат шалдырып, соңынан тарихи танымдық салаға бір жола бет бұрыпсыз. Оған не себеп болды?

— Мен кәсіби мамандығым бойынша журналистпін. ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімін бітірдім. Оқып жүрген кезімде радиода жұмыс істедім. Бітіргеннен кейін елге қайттық, «Қазақ радиосының» өңірдегі меншікті тілшісі болып 10 жылға жуық жұмыс істедім. Бірақ радиода келелі мәселе көтеріп, жұрт назарын аудару қиын еді, көбінде қара хабардан аса алмайсың. Сонымен сырттай азды-көпті әдеби шығармалар жазып, жұрттың ықыласына бөленіп, жабық конкурстарда бәйге алдым. Содан «жазушы боп кеткен екенмін» деп Алматыға келдім. Бірақ мені күтіп тұрған ешкім жоқ екен, ешкім жұмысқа алмай далада қалдым. Өйткені мен жазушы болу үшін жұртты қызықтыратын тақырыптарды жазса, оны жұрт сүйіп оқыса болды деп санайтынмын. Бұл бағытымның қате екенін мен сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа тұрған кезде білдім. Менің бағытымның өзгеруіне, алдыма өмірлік мақсат қойып құлшынуыма, азамат болып қалыптасуыма «Социалистік Қазақстан» газеті үлкен көмек жасады. Осы газетте жүріп қазақтың маңдай алды азаматтарымен тілдесуге, араласып шүйіркелесуге мүмкіндік таптым. Сол арқылы сол тұлғалардың еңбектерін оқып, арнайы сұхбаттар да жасадым. Сонда барып мен елдік мәселелерді көтерудің, тарихты, «Алашты» танудың жолын таптым.

-Тарихи еңбектерге алғаш үңілгенде ең алдымен нені байқадыңыз?

-Қазақ тарихына, бүкіл түркі тарихына жасалған қиянатты көрдім. Мұны түзетуге ат салыспасам, менің азаматтығым қайсы? Менің әдеби шығарма жазғаным неге, кімге керек? Тіпті Нобел сыйлығын алсам да, бұдан халқыма, ұрпағыма тиетін пайда қанша? Деген оймен тарих саласына бет бұрдым.

-«Алтын тамыр» осындай ішкі бұлқыныстан, ізденістегі бетбұрыстан туды дейсіз ғой.

-Ұлтқа бір ой айту үшін, өзің бірдеңе білуің керек екен. Ахметтің ауылының тумасы болсам да, ол кезде «Алаш» жайлы түк те білмеуші едім. Алғашында тарихи тақырыптарды, жер мәселесін жазсам деп талпындым. Өйткені, рухани құндылық та, мәдени құндылық та мәңгілік емес екен. Мәңгілік нәрсе сол халықтың иеленіп отырған жері екен. Сонымен жер мәселесін жазуды Қоқан қандығы тұсында болған «Қыпшақ қырғынын» (ресми тарихта Ферғана қырғыны дейді) жазудан бастадым. Қазақтың біраз азаматы сол кезде қырылған. Жасауылдар базарда қолына бидай алып жүріп, кезіккен ер азаматтардан «мынау не?» деп сұрайды екен, «Бидай» десе өлтіріп, «Бұғдай» десе тірі қалдырған. Бұл қырғынның басталуы қысқаша айтқанда Иманжүсіптің атасы Тұрғамбай датқаның көтерілісімен қатысты. Қоқан жендеттері Тұрғамбайды қазыққа керіп байлап, үстіне ыстық су құйып азаптап өлтірген. Содан кейін Досбол датқа өз қарамағындағы елді бастап қашып біздің елге келген. Біздің ауылдың қарияларының қыпшақ қырғынын жақсы білетіндігінің бір себебі осы. Міне, осы уақиғалар жүлгесінде алғашқы тарауын жазып едім, Ахметбек Кәрібай деген досыма оқытсам, «Мынауың еш жерде басылмайды, басылса сен сотталасың, сенің шығармаңның астарында Кеңес үкіметін айтып отырғаныңды кешше адам да түсінеді» дегені. Зәрем ұшып, рухым түсіп кетті. Бірақ бір жұмысты бастасам, соңына жетпей тоқтамайтын әдетім бар. «Енді қайттім?» деп басым қатып, көршім Сәбит Мұқановтың баласы этнограф Марат Мұқановқа айттым. «Досың дұрыс айтқан, өйтіп өміріңді қор қылма, бірақ оны жазғың келсе, Қытайды жаз, оған негіз де жоқ емес» деп жол көрсетті. Содан бастап Қытайға қатысты деректерді күні-түні ақтарып жүріп, соңында «Алтын тамырды» жазып шықтым. Ол кітап бір апта ішінде мені бүкіл Алматыға танытты. Осының екпінімен «Көмбені» жаздым. Осы екі кітап жарыққа шыққаннан кейін маған жол ашылды. Президенттің қасына шақырып алып, кейін Қытайға жіберуіне де осы еңбектерім ықпал етті.

Ақселеу екеуіміз серттестік

-Ақселеу Сейдімбек екеуіңіздің серттесіп, әдебиеттен бірге кеткендеріңіз де рас болды ғой?

-«Өзі үркейін деп тұрған қоянға тәйт деген соң не сорым» деген қазақта сөз бар ғой. Іштей толқып жүрген кезде, бір күні Ақселеу екеуіміз оңаша сырласып шай іштік. Ақселеу сөз бастады. Марқұмның сөзіне қиянат қылмай, сөзбе сөз айтайын: «Қойшыеке, екеуіміз Алматыға тамақ асырау үшін келген жоқпыз, жазушы боламыз деп келдік. Құдайға шүкір, 2-3 повесіміз шықты, жыл қорытындысында жақсы аталдық. Бірақ құдайшылдығыңды айтшы, екеуіміздікі де ерекше керемет дүниелер емес қой, асса орташадан жоғарылау ортан қол дүниелер. Әдебиет төрт құбыласы түгел елдің ұрпағын моральдық, этикалық тұрғыдан тәрбиелейтін құрал. 300 жыл бодандықта болып, санасы сансырап, құлдықта болған ел үшін танымдық дүниелер керек. Мен сені байқап жүрмін, ізденіп жүрсің, мен де материал жиып жүрмін. Мен тіпті «Түрік қағанаты» туралы жазбақ болған 3 томдық еңбегімді де тәркі етейін, екеуіміз серттесейік. Бүгіннен бастап бір әдеби шығарма жазбайық, тек танымдық шығармалар ғана жазайық» деді. Келістім. Екеуіміз қол алысып, төс қағыстырып серттестік. Содан кейін ол «Күңгір-күңгір күмбездерді» жазды, «Алтын тамырды» жаздым. Екеуі бір жылда жарық көрді. Ақселеу содан кейін өле-өлгенше бір новелла жазған жоқ. Есесіне «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың қара өлеңі», «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың салт-дәстүрі», «Қазақ әлемі», «Қазақтың бейпіл сөздері» деп аталатын еңбектерін жазды.

— Бүгінгі ұрпақ сол еңбектеріңізді бағалай алды ма?

-Бізде тұлға тану, тұлғаны еңбегі арқылы бағалау жағы кемшін. Әншейін жер-көкке сыйғызбай бөспе, құр мақтайды да, еңбегі елеусіз қалады. Мысалы, өз басымнан алып айтайын, «жаным десе жан семіреді» дегендей, жақсы сөзді пенде атаулының бәрі ұнатады. Бірақ бәрінің жазатыны «Қойшығара тарихты тереңнен қопарып жатыр, Қытайдан көп деректер тапты, мынадай кітаптар жазды» деген бір сарынды жазбалар. Бірақ «Алтын тамырдан» кейінгі бір кітабыма да жетісігі неде, кемшілігі неде екені айқындалған ғылыми талдау жасалмады. Соған орай менің бұл еңбектерді жазудағы мақсатым да сараланбады. Менің бар мақсатым үш жүз жыл бодандықта болған еліміздің бүгінгі ұрпағының тарихи санасының дұрыс қалыптасуына көмектесу еді. «Бұрмаланған тарихтың шындығын ашып көрсетіп, қалай бодан болдық, өзгемен терезесі тең ел болу үшін нені ескеруіміз керек» деген мәселелердің бүкпесін жазып, жан-жақты түсіндіру еді ғой. Мәселенің түйіні менің не жазғаным, қанша кітап жазғаным да емес, ондағы айтылған өзгеге ойсалар ойдың қаншалықты өзектілігінде, мәнділігінде, емес пе?

Құр мақтан қызықтырмайды

— Мұның астарында «Халқымыздың мәдениетіне, тарихына қатысты жазған еңбектерім үшін лайықты сый-құрмет, биік баға алмадым» деген өкпе жатқан жоқ па?

-Жоқ, қазір ат-атақ, мәртебе дәмететін жаста емеспін. Науқанға айналып бара жатқан марапаттың да маған керегі жоқ. Азды-көпті жазған еңбектеріміздің арқасында елдің алдында жүріп, ықласына бөлендік, одан үлкен мәртебе бар ма?! Әрине, «кәрі бүркіт тышқаншыл» деп, төрінен көрі жуық болса да, атақ, марапат дәметіп жүрген ақсақалдар да бар шығар. Менше, қарттықтың қасиеті, ақсақалдықтың асыл дәстүрі кейінгі ұрпаққа не қалдырам, қандай өнеге көрсетем деген пайыммен бағаланса керек. Ал біздің ұлтқа бергеніміз жазған кітаптарымыз, ұлт тарихынан ашқан жаңалықтарымыз. Мақтанып отыр деме бауырым, мен адамзат тарихы мен мәдениетіне қатысты 3 әлемдік жаңалық, ал ұлт тарихына бұрын айтылмаған 40-қа жуық жаңалық дерек қостым деп сеніммен айта аламын. Оның бәрі баспа жүзін көрді. Тек өкініштісі — осыларға әріптестеріміз, тарихшыларымыз, зерттеушілеріміздің біреуі назар аударып, «дұрыс» болса қолдау көрсетіп, «бұрыс» болса түзету жасап жатқан жоқ. Ештеңе көрмегендей, білмегендей үнсіз жатыр. Міне осыған қарап біздің қоғамды немқұрайдылық жайлап бара жатқан жоқ па деп қауіптенемін. Бүйтсе ғылым қалай дамиды? Тарих қалай тереңге тамыр тартады? Осыған қарап, кейде бізде ортақ мүддені ойлауды қойып, «әр кәллада бір қиял» деп қара бастың қамымен кеткеніміздің бейнесі емес пе деген де ой келеді.

-Сіз соңғы кездері «адамзаттың түпатасы түріктер. Алғашқы адамдар түрік тілінде сөйлеген» деген мәселені көтеріп жүрсіз. Оған дәлел-дәйегіңіз бар ма?

— «Алтын тамырда» мен: «Ресми тарихтың түрік халықтары VI ғасырда Алтайдан шыққан» деген тұжырымы дұрыс емес, түрік халықтары адамзат жаратылғаннан бері бар халық, түрік тілінің тамыры да адамзат жаралған мезгілден бастау алады. Өйткені оның кейбір дыбыстарында табиғатта бар дыбыстар бар» деген әлсіз көз қарасымды айтқан едім. Ол кітап 1986 жылы шықты. Желтоқсан айында көтеріліс болды ғой. Содан кейін Қазақстанда ұлтшыл деген атаумен қудалау, қаралау басталды. Сол дәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде «әдебиет және тарих» деген тақырыппен Манаш Қозыбаевтың көлемді мақаласы шықты. Саясаттың ықпалы ғой, Ілияс Есенберлиннен бастап, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин… бәрін сынады. Сол мақаласында Қозыбаев мені де сынап, маған «Бөспебай» деген ат берген. Мен оған титей де ренжіген жоқпын, қайта «Бөспебайдың көкесін әлі көрсетем» деген сеніммен, ізденісімді жалғастыра бердім. Содан кейінгі жарық көрген әр кітабым шындыққа жетер жолдың бір-бір баспалдағы еді. Ақыры мақсатыма жеттім. Бірақ мен «адамзат баласының атасы түріктер» деген ойды кешеге дейін, ашық айта алған жоқпын. Айтсам да жалғаны мол жасанды тарихпен тарихи санасы қалыптасқан көпшілікті мойындата алмас едім. Тек менің пікіріммен үндес шет ел ғалымдары, атап айтқанда, ресейлік Ю.Н. Дроздов, латыштық Г. Шуке, америкалық Gene Д. Matlock секілді ғалымдардың адамзаттың түріктен жаралғандығы жөніндері еңбектері жарияланғаннан кейін барып, «Адамзаттың ата тілі. Алғашқы адамдар қай тілде шыққан?» деген кітабымды жарияладым. Аталған ғалымдар адамзатың түріктен шыққанын тек ел-жұрт, жер-су атаулары арқылы дәлелдесе, мен он дереккөзі арқылы дәлелдедім.

Мифте де мән бар

— Мынауыңыз адам сенбейтін жаңалық екен.

— Қазір генетиктердің молекулада сақталып қалған тұқым тек қорын анықтайтын ДНК тәсілін тапқаны бұл мәселені шешуге кәдімгідей кең жол ашты. Осы тәсіл бойынша олар қазіргі адамзат баласының жаратылғанына 200 мың жыл болғанын анықтады. Біз бұдан бұрын 1 миллион 700 мың жыл, 2 миллион жыл деп жүрдік. ДНҚ қорытындысын ғылым да мойындап отыр.

Бұрын адамдар «әр жерде жаратылған», «бір жерде жаратылған» деген ұғым бар болатын. ДНК сол екі түрлі көзқарасқа нүкте қойып, «адамзат баласы бір жерде жаратылған, олардың алғашқы мекені Оңтүстік Шығыс Африка» деген көзқарасты дәлелдеп шықты. Егер генетиктердің осы дерегі шындық болса, онда Вавилов атындағы генетика институтының ғалымдары айтқандай алғашқы адамзат баласы бір жерде 10 еркек, 18 әйелден жаратылсын, болмаса дін тарихы көрсеткендей Адам-ата мен Хауа-анадан жаратылсын, бәрібір олардың ұрпақтарының бірден әр тілде сөйлеп кетпегені анық қой. Олар тек бір тілде ғана сөйледі. Олай болса, ол тіл қай тіл? Қазақта «жоқтан бар болмайды, бар ізсіз кетпейді» сөз бар емес пе, сол ізді табу үшін бәрін қойып, Египет (Бұл сөз де біздің тіл, өзеннің «екі беті» деген сөзден шыққан) тарихын зерттеуге кірістім. Сонда Египеттің ел-жұрт, жер-су аттарының түрікше, нақтырақ айтсақ, қазақша сөйлеп тұрғанын байқадым. Осылайша жер тарихын, ел тарихын, діни деректерді, мифологиялық, археологиялық деректерді, көне жазуларды ақтарып отырып, Геродоттың «Гректің құдайларының бәрі де гректердікі емес, ол Египеттің жабайылары» деген сөзін таптым. Бұған бұрын сәп салмаған екенмін. Осыдан кейін гректің құдайларын зерттесем, грекше аздап бұрмаланғаны болмаса, бәрінің аты қазақша боп шықты. Бірақ Египеттің жабайылары деген кімдер? Ол жөнінде ешқандай дерек жоқ. Осының жауабын іздеп жүргенде ДНК зерттеуінен кейін өздерінің славян тектес емес екенін білген орыстар өздерінің төл тегін фольклордан іздеп, фольклорлық, мифологиялық шығармаларды баспадан топтап шығара бастады. Соның қатарында мифологияның 2 томдық энциклопедиялық сөздігі жасалды. Осы сөздікте: гректің өліні тірілтетін құдайының аты «Осирис», Африка жабайыларының тілінде оны Усир(Өсер) — деп жазылған. Оның әйелін гректер Исида, ал египет жабайлары Ісет дейді. Несін айтасың, грек тарихындағы грек құдайлардың бәрі түрікше сөйлеп тұр. Осылайша, адамзат баласының тілі шыққанда түрік тілінде сөйлегеніне көзім жетті. Бірақ ат-атағым жоқ болғандықтан оны бірден жар салып айта алмадым. Сөйтіп жүргенде 2008 жылы мәскеулік ғылым Юрий Николаевич Дроздовтың «Көне Еуропа халықтарының түріктік атауы» деген кітабы шықты.

-Аға, сөзіңіз аузыңызда, миф дегеннің бір атауы аңыз — әпсана емес пе? Оған негізделіп тарихи шешім шығаруға бола ма?

-Дұрыс айтасың, біздің қазіргі қалыптасқан ұғымымызда миф дегенді шындыққа жанаспайтын, ойдан шығарылған қиял-ғажайып, аңыз — әңгіме, ертегі деп білеміз. Бірақ бұл мифтің болмысына бойламаған күңгірт түсінік. Шын мәнінде миф «сөз», «аңыз», «әңгіме» деген ұғымды білдіреді. Мұны ары тарқата айтсақ, миф ғаламның жаратылуы туралы, құдайлар мен аты аңызға айналған тұлғалар туралы мәлімет беретін ежелгі заманның әңгімелері болып шығады. «Аңыз түбі ақиқат» деген сөзді дана халқымыз текке айтпаған. Осы түйіндерді ғылым талабына қарай бейімдесек, миф деген ежелгі дүние халқының кейінгі ұрпаққа қалдырған «ауызша тарихы» боп шығады. Түйіп айтқанда, миф- жалпы тірліктің бастауы, танымның да, діннің де, ғылымның да негізі. Өкініштісі, Геродот та, грек мифологиясын зерттеген ғалымдар да «египеттік жабайылардың» кім екенін, қай тілде сөйлегенін айтпайды. Оны зерттеуге талпыныс та болған жоқ. Бірақ жоғарыдағы Өсер, Ісет сияқты, қазақ тілін білетін кез келген сауатты жан мағынасын ешқандай түсіндірме сөздіксіз-ақ түсіне алатын, грек тілінің заңдылығына бағынып, төлтума мағынасын өзгерткен египеттік басқада атаулар баршылық.

«Көне Еуропа халықтарының түріктік атауы» деген кітабында Юрий Николаевич Дроздов та «бүкіл Еуропа халқы түріктен жаратылған» деген қорытынды шығарады. 2010 жылы латыш ғалымы Галина Шукенің «Латыштар түріктерден тараған ба?» деген кітабы шықты. Ол да қорытындысында «бүкіл адамзат баласы түріктен тараған. Латыш халқының да арғы тегі түрік. Латыш тілі де түркі тілінен тамыр алған тіл. Орыстың тілі латыштың тілінен шыққан» деп түйіндеді. Сөйтіп жүргенде АҚШ-тық Gene D Matlock деген ғалымның «Ей, әлем адамдары, бәрің де түріксіңдер!» деген еңбегінің түрікшеге аударылған нұсқасы қолыма түсті. Ендеше, жұрттың ғалымдары мойындап жатса, мен неден тартынуым керек? Сонымен мен «Адамзаттың алғашқы тілі немесе алғашқы адамдар қай тілде сөйлеген?» деген дайын кітабымды оқырмандарға ұсындым. Жоғарыда айтқанымдай, бұл ғалымдардың бәрі екі нәрсеге: бірі — ел-жұрт атауына, екіншісі — жер-су атауына негізделеді. Ал мен бұл дәлелді онға жеткіздім. Мен осы зерттеулермен айналысып жүріп, сөз әлеміне кіруге мүмкіндік алдым. Ахмет атамыз біздің қазақта бірінші рет сөз әлеміне кірген кісі. Ал мен сол әлемнің босағасынан сығаладым десем болады. Сөз әлеміне кіре алсаңыз бәрін сөздің өзі айтады. «Адамзат өткен ұзақ жол» деген кітабым биыл шығады. Осы кітапта негізінен сөз сөйледі.

-Осы көзқарасыңызға біздің елден назар аударғандар болды ма?

-Жоқ, ешбір адам назар аударған жоқ. Кітапта жаздым, жеке мақала етіп те жарияладым. Тілшілермен де сұхбаттастым. Біреуі ләм деген жоқ. Дұрыс, бұрыс дейтін ғалымдар да болған жоқ. Тек Қасым Тәукенов ақсақал ғана «Егемен Қазақстан» газетінде «Неге үнсізбіз?» деген мақала жариялап, «мынаның дұрыс — бұрыстығын тарихшылар неге айтпай жатыр?» деп қозғау салды. Ол да ешкімді оята алған жоқ.

-Біздің тарихи атауларымыз дұрыс па?

Біз бесінші өркениет дәуірінде тұрмыз. Осының алдында төрт өркениетті дәуір өткен. Мен бұл жайлы «Өмірбаян туған күннен басталады» деген еңбегімде жан-жақты жаздым. Бұл өткен төрт дәуір де өзінің даму шыңына жеткеннен кейін өзін өзі құртқан, қазір біз де өзімізді өзіміз құртуға бейімделіп келе жатырмыз.

Бізді «қазақта жазу, өркениет болмады, мал соңында жүрді» дейтін теріс түсінік құртты. Сондықтан біз жазу — сызуы бар халықтардың деректеріне жадыланып, өз тарихымызды ұмытып, өз сөзімізді өзіміз тани алмай қалдық. Оның басты бір айғағы біздің көне тарихымыздағы қазақтың ата-бабасы саналатын ұлыс – тайпалардың біреуінің де аты дұрыс емес. Сақ, ғұн, жужан, сиәнби… атауларының бәрі қате, көне атауларымыздың арасындағы дұрысы- «Түрік» атауы ғана. Оны В. Томсон тапқанға дейін Н. Бичурин «дуылға» деп аударды, қазақ тарихшыларының кейбірі кейінт оны «дулат» деп алды. Франция ғалымы Клапрот оны «тақия» деп аударды. Тек дат ғалымы Томсон 1893 жылы өз жаңалығын жария еткеннен кейін барып, оның «түрік» деген сөз екенін білдік. Мәселен, Сақ деген құл деген сөз, ол кезде құл деген сөз болмаған. Сақ атанып кететіні оларды күзетші қылған, сол қызметте жүріп жауынгерлігімен көзге түсіп, сақ деген атауға ие болған. Азия деген атау да түріктің Ас деген тайпасымен қатысты, яғни Азия «Астың ұясы» деген сөз. Кипр аралының әуелгі аты Алас (Ала+Ас). Қазіргі Найман атауы да «Іні+Айман» деген сөздердің қосылуынан жасалған. Орыстар «рос» деген сөздің қайдан шыққанын Ломоносов заманынан бері әлі таба алмай жүр, оның 10 түрлі болжамы бар. Оның да біреуі дұрыс емес, бұл қазақтың «рыс» («ырыс») деген сөзінен шыққан, фонетикалық ерекшелікке байланысты ы дыбысы о-ға айналып, рос болып қалыптасқан. Олардың құрған мемлекетін қағанат, билеушісін «қаған» деп атаған. Мұның бәрі жабық жатыр. Әлі толық зерттеп ашылған жоқ.

Әлемдік жұмбақты шешкен

— Жоғарыда «үш әлемдік жаңалық» аштым дедіңіз, ол қандай жаңалықтар?

— Оның бірі, жаңа айтып өткен «Адамзат баласы түріктерден тараған, алғашқы адамдар түрік тілінде сөйлен» деген жаңалық. Екіншісі, 1900 жылы ағылшын археологі Артур Эванс Кипр аралынан ғажайып тарихи деректер тапты. Сол тарихи жәдігерлердің арасында қыш тақтайшаға жазылған жазулар бар. Сол жазуды әлемнің көне жазуды оқитын ғалымдарының бәріне жіберген. Олар оның «Сызықты А жазуы» екенін тапты. Бірақ жазуды оқи алмай, із-түссіз жоғалып кеткен халықтардан қалған мұра деп қорытынды шығарып, «этеокипр» деген ат беріп, ізденісті доғар­­ған.. «Сызықты А жазумен» жазылған сөзді латын әрпіне түсіріп, бүкіл әлемдік академияларға жіберген. Осы жазуды оқудың кілтін жамбылдық орыс тілді журналист Амантай Айзахмет тауып, 2004 жылы жарық көрген «Рождение тюркского мира» деген кітабында жариялаған. Ол жазу мынау: «anamatoriumiesaimukulailas anaarisitonosearatovanakasokoosekerakeretulosetakanaku» Бірақ бұған ешкім назар аудармаған, көрсеткен мамандары «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деп жалынына су сепкен. Сөйтіп жүргенде ол Мекемтас Мырзахметов ағаға кездесіп, сол кісіге көрсетсе, ол кісі «шырағым, менің бұдан хабарым жоқ» деген екен, ана бала тіпті жасып қалды дейді. Содан ол кісі «Шырағым, бір білсе Қойшығара біледі, соған баршы» десе, «ол кісіні танымаймын» деп тағы жалтақтаған соң, Мекемтас аға сол жерде тұрып маған телефон шалып, ана баланы таныстырды. Кейін ол жігіт мені іздеп келді. Кітапты шолып қарап едім, біле алмадым да, «кітабыңды маған тастап кет, мен оқып, жауабын айтайын» деп телефонын жазып алдым. Бірақ ол қанағаттанбаған сыңай танып, шай да ішпей кетіп қалды. Ол кеткеннен кейін, қарбалас кезім еді, кейін оқырмын деп өз жұмысыма кірісіп едім, әлгі жігіттің бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Содан жұмысты қайрып қойып, кітабын оқып шықтым. Таң қалдым, сол күннен бастап жазудың соңына түсіп, мен де әлгі жазуды оқып шықтым. Ол орыс тілді болған соң, кейбір қателіктерге жол берген. Соны дұрыстап қайта жазып едім, «Анама тор иумі ес айму, құл айлас, ана рісі тон өссе, әр ата пана қас оқ өссе, керек ер ет ұл өссе, ана тақ қу» деген сөз тіркестеріне айналды. Мұның мағынасы «Анама билікті ию (таласу) айымның ақылы емес, (ол) құлмен бірдей болу. Ана ірі ісі тон шығарса (тіксе), әр пана болар ата нағыз оқ шығарса (жонса), (ел) керек етер ұл өсірсе, тақ ананы өзі қуады». Осыдан кейін Амантай Айзахметке хабарластым. Телефонда «құттықтаймын, сен әлемдік жаңалық аштың, сен Қазақтың Томсонысың» дедім. Ана баланың қуанғанын айтпа. Анадан жаңа туғандай бір түледі. «Ағатай-ай, бірігіп жұмыс істейікші, менің басымда сұмдық дүниелер бар» деді. Бірақ оған құдай ғұмыр бермеді. Ұзамай қайтыс болды. Үлкен өкініш. Мына жазуды мен оқыдым десем де болады, екеуін салыстырып көрген адам да байқайды, кімдікі дұрыс екенін. Бірақ ана жігіттің аруағы шат болсын деп алдымен үнемі сол жігіттің атын айтамын.

Ал үшінші жаңалық, Италиялық геолог Африканың Мали республикасы жеріндегі қалың жыныс орман ішінен гранит тасқа ойылған ескерткіш тапты. 1500 метр жартасқа ойып жасалған адам бейнесіндегі ескерткіштің биіктігі 150 метр. Египеттің пирамидасының биіктігі 146 метр, анау одан да биік. Ғалымдар оны 35 мың жыл бұрын қашалған әйелдің бейнесі деп анықтап, ол тас дәуіріне тура келеді, ол кезде жер бетіндегі адамзат баласының қолында гранит тасты қашайтын құрал болған жоқ, сондықтан мұны ғарыштан келгендер жасаған деген қортынды шығарды. Қысқартып айтайын, мен осы мүсін иесінің аты-жөніне дейін тауып, дәлелдеп бердім. Мұны жұрт ертегі дейді, бірақ оған қатысты деректер бар. Яғни мен тапқан дерек Геродотта да бар.

Мұнан сырт, жеке-жеке диссертацияға жүк болатын 40-қа жуық тарихқа жаңалық ретінде қосылар деректерім бар. Түрік халықтарының Алтай тауынан емес, Боғда тауынан шыққанын, ол кезде оның да Алтын тау деп аталатындығын ашып жаздым. Ашинаның түріктердің атасы емес, қағанның да, баласының да, әйелінің де аты емес, ол «бірінші, алғашқы» деген сөз екенін дәлелдеп шықтым. Аңыз кейіпкер Қорқыт пен Тарихи тұлға Тоныкөк екеуінің бір адам екенін да анықтадым. Оны түріктің екі журналы басты. Бірақ басқалары ескерусіз жатыр, ғылыми айналымға түскен біреуі жоқ.

Қытайдағы қазына

-Қытайдан қанша дерек әкелдіңіз? Қытайда бізге қажетті деректер әлі де бар ма? Жұрт арасында «Қойшығара өзі Қытай тілін білмесе, қалай алды деректерді» деген күңкіл сөз бар.

— Мен Қытайдан 10 том кітаптың материалын әкелдім. Соның бесеуі баспадан шықты. Қалған бесеуі қолжазба күйінде қалды. Менің көп жаңалық ашуыма да осы Қытай деректерінен алған материалдардың пайдасы тиді. Мен ол кезде 3 бағытта жұмыс істедім. Бірінші, атақты тарихшылар Сыма Цян, Бангу, ФанХуаның еңбектерінің түп нұсқаларын қазақшаға аудардым. Екіншіден, түрік қағанатының қалай ыдырағанын, ыдырауға себеп болған не екенін нақты деректермен дәлелдеп алып келдім. Үшіншіден, Қытай деректерін қалай пайдаланудың жол – жүйесін жасап шықтым. Ол жақтан алған ең үлкен олжам Қытайдың ескі тарихын зерттеген ғалымдарымен де барып әңгімелесіп, алған материалдарымды толықтырып отырдым. Қысқасы, Қытайға барғанға дейінгі түсінігім бір бөлек те, Қытайдан келгеннен кейінгі түсінігім бір бөлек болды.

Ал қытай тілін білмесең қалай оқыдың дейсің ғой. Маған біздің Бейжіңдегі елшілік арқылы үш аудармашы дайындап қойған екен, мен солардың арасынан Мұқият деген азаматты таңдап алдым. Орысшаға аударылған деректердің түп нұсқасын ана аудармашыларға аудартып, аударма қабілетін сынадым. Мұқият Тоқтарұлы маған жақсы көмектесті. Менің аудармам дұрыс емес болса, кітаптарымда қытай тіліндегі мәтінін де қоса бердім, қажет қылған ұрпақ салыстырып қарайды деп ойлаймын. Қытайдың тарихында әлі де ұшан теңіз дүниелер жатыр. Оларды да елге жеткізу керек. Өйткені Қытайдың тарихынан олардың біз туралы не ойлайтынын да білуге болады.

  • Әңгімеңізге рақмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button