Айналаңызда – алаяқ!

Қазір арзан атақ, жеңіл ақшаның насихаты қатты. Ал шын мәнінде ел ертеңін жарқын ететін жел ақша, жеңіл жұмыс емес екенін ескере отырып, қоғамға үндеу жолдаймын.
Әуелі жалпақ жұртқа жалт-жұлт еткен жарнамаға сеніп, арзымас күмәнді дүниеге сенбеңіздерші деп жар салғым келеді. Өйткені айналаның бәрі алаяқ қазір. Мысалы, менің қолымдағы мына қалам 10 мың теңге тұрады. Осыны біреу сізге 2 мың теңгеге алып беремін десе, соған малданып опық жеп жатамыз. «Арзанның жілігі татымас» дейді. Демек, 10 мың теңгенің заты 2 мың теңге тұруы мүмкін емес. Оның не пайдалану мерзімі өткен, не сиясы кепкен, әйтеуір дүдәмәл дүние. Іс бітті, қу кетті. Болды.
Қазір қазақтың ең әлсіз әрі жанды жері – баспана. Өйткені үйсіз-күйсіз жүрген адам көп. Солардың жанды жерінен ұстап, тырп еткізбей, ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, оңай олжа тапқысы келетін әккі алаяқтардың «Кооперативтік жолмен ипотекаға баспана алыңыз!» дейтін жарнамасынан көз сүрінеді.
Күні кеше Қаржы мониторингі агенттігі елдегі ең ірі тұрғын үй кооперативінің бірі – «Asar baspanа»-ны қаржы пирамидасы деп айыптап, қызметін тоқтатып, ұйымдастырушыларды қамауға алғаны туралы тараған ақпарат қоғамды дүр сілкіндірді. Компания кеңсесін тінту кезінде 1,2 млрд теңге қолма-қол ақша, премиум-класты көліктер тәркіленді. Енді біздің телефонымызда тыныштық жоқ. Өйткені «Asar baspana»-ның салымшылары өте көп екен. Олардың «үй аламыз» деп жүрген үмітінің бір күнде күл-паршасы шыға ма деп алаңдаймын. Салы суға кеткен салымшылардың көңілі күпті… Әзірге атағы жер жарған «Asar baspana»-ны алаяқ, қаржы пирамидасы деп біржақты үкім кесуге қақымыз жоқ. Соттың шешімін күтеміз. Салымшылар қоныстойын тойлап, салған ақшасын қайтара алса жақсы, әрине. Олай болмаған жағдайда, мыңдаған адам тағы да «тұзаққа түсті» дей беріңіз. Даудың көкесін сонда көреміз.
Сондай-ақ ірі компания мен банктердің атын пайдаланып, аңқау елді ақша салуға үгіттеп жүрген «Тендерная биржа» компаниясының үстінен 11 адам арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды. Мен сіздерге айналасы үш-төрт күнде тіркелген екі фактіні ғана айтып отырмын. Біздің қоғамда алаяқтар айласын емін-еркін асырып жүр. Былтыр «алаяқтық» бабы бойынша тіркелген қылмыстың саны 45 мыңнан асқан. Сенесіздер ме? 45 мыңнан асқан! Ал осы қаржы пирамидаларына халық бір жылда 20 млрд теңге салған.
Бұл бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық банктен бастап Қаржы мониторингі агенттігіне дейін барлығы жұмыла жұмыс істемесе, қам көңіл қара халықтың арман-тілегі әдірем қалып, әккі алаяқтар әлі талайды сан соқтырмақ.
Ең басты мәселе – халықтың қаржы сауатын арттыру. Алаяқтар жиі қолданатын жүйелерді БАҚ, әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарату қажет. Елдің бәрі телефонда отыратын заман. TikTok, Instagram, Facebook сияқты желілерді бақылауға алу маңызды. Себебі алаяқтар көбінде заманауи технологияны пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы халықты алдап-арбап жатыр. Президенттен бастап танымал миллиардерлердің фотосын, ірі компаниялардың атын жамылып, халықты инвестор болуға шақыратын псевдокомпанияларға бейресми ақпарат бойынша елде 150 мыңнан астам тұрғын тіркеліп үлгерген. Мұның бәрі – несие алып, алданып жатқан жерлестеріміз. Ал оның арты үлкен әлеуметтік толқуға әкелетіні сөзсіз.
Үй сатып алу үшін азаматтардың ақшасын тікелей немесе жанама түрде тартатын барлық кооперативтің қызметін қатаң түрде реттеуді сұраймыз. Сонымен қатар алданғандар санының артуына жол бермеу мақсатында Үкіметке келесі шараларды шұғыл қабылдауды ұсынамыз:
1. Тұтыну кооперативтерін бақылау және олардың қызметін регламенттеу үшін мемлекеттік органдардың үйлестірушісі айқындалсын.
2. Алданған халықтың саны одан сайын көбеймей тұрғанда псевдокомпанияларға тез арада жаппай жедел тексеріс жүргізіп, қаржы пирамидасының белгілері мен қаупі туралы азаматтарды ақпараттандырудың әдісін уақыт өткізбей қолға алған абзал.
Мақсат ТОЛЫҚБАЙ,
Мәжіліс депутаты