«Әжелер мектебі» – тәрбие негізі

Елордалық №86 «Зияткер» балабақшасында бүгінгі таңда ақ жаулықты әжелеріміздің бастауымен «Әжелер мектебі» бар. Бұл мектеп балаларымызды қазақ халқының ұлттық құндылықтарына баули отыра ақын Абайдың ілімдерін сіңіруді көздейді.
Балаларымыздың тәрбие алып отырған ортасы дәл бала Абайдың адамгершілік қасиеттерін және кеудесіне шежіре-тарихын, салт-дәстүр, аңыз-әңгімелерді дана, мейірбан әжесі Зере мен тілге шешен анасы Ұлжан мектебінен бойына дарытқаны болса, бақшамыздың да мақсаты осындай мектеппен сабақтасып келеді.
Қыз бала әжесінің жанында жүріп, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Әжелер жүн иіріп отырып, жанында отырған немересіне өздерінің өмірлік тәжірибелері, ертегі мен аңыздар, жаман және жақсы әдеттер туралы айтып, сол арқылы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға деген сүйіспеншілігін оятып, мейірімділікке баулып отыратынын көруге болады.
Осылайша, ұлттық тәрбие болашақ аналардың қалыптасуында маңызды рөл атқарады. «Қызды тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екендігін білдіреді.
– Абайдай дана тәрбиелеген Зередей зерделі әжелердің болмысы ұрпақ тәрбиесінде айрықша рөл атқарады. Терең тамырлы тарихымызға көз жүгіртсек, көргені мен түйгені мол, өрісі кең әжелеріміз қашан да саналы ұрпақ, кемеңгер келешек тәрбиелеген, – деді балабақшаның инновация әдіскері Құралай Ғаниқызы.
Ал, балабақшаның «Әжелер мектебі» төрайымы Жақсылық Тұрғанбекова мұндай бастаманың қолға алынғаны қуантады дейді.
– Немерелерімізбен бірге уақыт өткізіп, ертегі айтып, салт-дәстүрлерімізді үйрету – мен үшін үлкен бақыт. Балалар әжелердің ақыл-кеңесіне құлақ асып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты тәрбиелік мәні зор дүниелерді бойына сіңіріп жатыр. Әсіресе, қазақтың мақал-мәтелдері, ұлттық ойындары, киіз басу, жіп иіру сияқты дәстүрлерді үйрету арқылы олардың ұлттық сана-сезімі қалыптасып келеді деп ойлаймын. Осындай рухани-танымдық жобалар көбейіп, жас ұрпақпен үлкен буын арасындағы байланысты нығайтса екен деймін, – деді Ж.Тұрғанбекова.
Айнаш ҚАСЫМОВА,
Астана қаласы №86 «Зияткер»
балабақшасының қазақ тілі педагогі