Қоғам

Әкемен оқыған бір кітап

 Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесе отырып, әкелер күніне орай «Әкемен оқыған бір кітап» атты READx форматында әдеби-танымдық іс-шара өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Сеитова Кумис, Әдістемелік орталық әдіскері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерғазы Манапұлы  құттықтау сөз сөйлеп ашып, кітап оқудың мәні мен маңызына тоқталып, қоғамдағы әке рөлінің туралы пікірлерін білдірді.

Қазақстанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен 2023 жылдан бастап маусым айының үшінші жексенбісі «Әкелер күні» ретінде ресми түрде аталып өтіледі. Бұл мереке – қоғамда әке беделін көтеру, оның бала тәрбиесіндегі маңызын арттыру, ұрпаққа үлгі боларлық әке тұлғасын насихаттау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында енгізілген.

Іс-шара аясында әкелі- балалы қатысушылар ҚР Қорғаныс министрлігінің аға офицері Ержан Изтелеуов, «Нұрорда» мектебінің 7 сынып оқушысы Иманғали Ержанұлы «Қаныш және Ғылыми майдан» кітабының тәрбиелік мәні,  «Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицей», 4 «А» сынып оқушысы Ерханқызы Мөлдір және әкесі Махаділ Ерхан «Ертегі оқыған әке – мейірім  мен даналық иесі», № 102 орта мектептің  3-сынып оқушысы  Оралсын Көркем және әкесі, кино актері, BIIM PRODUCTION продюсері,  психолог, гештальт-консультант Даулет Бимов «Super-men» менің сүйікті кітабым», Рсалы Абдурахим, Рсәлі Мәди, Сәкен Сейфуллин атындағы № 80 мектеп-гимназиясы, 6 және 3 сынып оқушылары және әкесі Манаш Әліби Рсалыұлы, «Өмір мектебі» (авторы: Сәбит Мұқанов) және «Қазақ тұрмыстық ертегілері – ертегімен өрілген өмір» тақырыптарында оқыған шығармаларынан қызықты тұстарын әңгімелеп, кітап оқудың қаншалықты пайдалы екендігін нақты дәлелдермен дәйектеп, көпшіліктің ықыласын аударып,  жеке әсерлерін, көркем туындыдан алған тәрбиелік мәні бар ой-толғамдарын ортаға салып, әдебиеттің адам өміріне тигізер әсері туралы пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ, шарада еркін форматтағы сұхбаттар, кітапқа байланысты мазмұнды пікірталастар, шығармашылық бағыттағы тапсырмалар, сұрақ-жауап ұйымдастырылады.

Шараға балалар жазушылары, педагогтер, ата-аналар, кітапханашылар, мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандары қатысты. Іс-шара жас ұрпақты әдебиетке баулуға, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуға және бірлескен оқудың маңызын көрсетуге арналған.

Шара соңында Әдістемелік орталық атынан қатысушыларға Алғыс хатар, оқушыларға әдеби кітаптар сыйға тартылды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button