Қазақстан командасы грэпплингтен Азия және мұхит елдері чемпионатында жеңімпаз болды

Вьетнамның Дананг қаласында грэпплингтен Азия және Мұхит елдерінің чемпионаты өтті. Жарыс тек «Грэпплинг» дисциплинасы бойынша ұйымдастырылып, екі құрлықтың үздік спортшыларын бір арнаға тоғыстырды. Додаға 12 ел мен аумақтың спортшылары қатысты: Үндістан, Жапония, Қазақстан, Малайзия, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Пәкістан, Филиппин, Сингапур, Қытай Тайбэйі, Өзбекстан және Вьетнам. Жүлделер U15, U17, U20 және ересектер санаттары бойынша сарапқа салынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан құрамасының сапында 28 спортшы өнер көрсетті. Жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін көрсеткен ұлттық құрама командалық есепте сенімді түрде бірінші орынға ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 18 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан Грэпплинг қауымдастығының президенті Қанат Әлин ұлттық құраманы табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
«Бұл нәтиже – спортшылардың, жаттықтырушылардың, өңірлік федерациялардың және Қазақстан Грэпплинг қауымдастығы командасының жүйелі әрі қажырлы еңбегінің заңды жемісі. Спортшыларымыздың халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап, командалық есепте бірінші орын алуы – баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Әсіресе, барлық жас санаттарындағы спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуі қуантады. Бұл елімізде грэпплингтің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын және болашақ резервтің мықты екенін көрсетеді. Барлық спортшыларға табандылығы мен жеңіске деген жігері үшін, жаттықтырушыларға кәсібилігі үшін және осы спорт түрінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың барлығына алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да әлемдік деңгейде жаңа жетістіктерге жететінімізге сенімдімін», — деді ол.
Ұлттық құраманың табысты өнер көрсетуі Қазақстандағы грэпплинг спортының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің Азия және Мұхит аймағындағы жетекші мемлекеттердің бірі екенін көрсетті.



