Құрылыс көлемінен көш бастады

Астана қаласы мәслихатында Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын сақтау, нүктелік құрылыс мәселелері жөнінде көпшілік тыңдаулар өтті. Отырыста баяндама жасаған қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов Үкімет басшысының тапсырмасымен қазір елорданың Бас жоспарына түзету енгізу құжаты әзірленіп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, қаланың бас құжатына қатысты осы уақытқа дейін біршама іс атқарылды. Атап айтқанда, оны талқылау бойынша бірнеше отырыс өткізіліп, ведомстволық емес мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бұл құжат Үкіметтің порталына жүктелді. Бас жоспар Үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Ал нүктелік құрылыс мәселелеріне келгенде, тұрғындардың пікірлері ескеріліп, балабақшалар, мектептер, денсаулық сақтау нысандары, скверлер салынатын аймақтар белгіленді.
Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ғани Тәжиев Астана құрылыс көлемі бойынша көш бастаушы болып келе жатқанын айта келе, соның ішінде бас қалада, әсіресе тұрғын үй құрылысы қарқынды екенін жеткізді.
«Қазіргі таңда елордада 1542 құрылыс нысаны салынып жатыр. Соның 434і – көппәтерлі тұрғын үй кешендері. Құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Биыл 4,8 млн шаршы метрді іске қосу жоспарланды. Қазірге дейін 1,5 млн шаршы метрі пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіштер елорданың тұрақты дамуынан, инвестициялық белсенділіктің артуынан, қалалық ортаның жақсарғанынан хабар береді. Құрылыс қарқынының артуы халықтың заманға сай жайлы баспана қажеттілігін өтеп қана қоймай, елорданың заманауи жолмен қарқынды дамып жатқан мегаполис ретіндегі орнын нығайтып тұр» деді Ғани Тәжиев.
Оның сөзінше, осы жылдың басынан құрылыс саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалау күшейді. Соның ішінде заңды және жеке тұлғаларға қатысты 228 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 122 хаттама берілді. 164 млн теңгеден астам сомаға 501 әкімшілік айыппұл салынды. Рұқсатсыз құрылыс жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келе жатыр. Мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасының басшысы осыған байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



