Астанада El Umiti Camp 2026 жазғы білім беру лагері салтанатты түрде ашылды

Астанада El Umiti Camp 2026 жазғы білім беру лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған жоба Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200 дарынды оқушыны бір арнаға тоғыстырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Лагерь қатысушылары қатарында «Мың бала» ұлттық олимпиадасының, El Umiti Talent пәндік олимпиадасының жеңімпаздары, сондай-ақ Qabilet, El Umiti Premiasy және Aitys жобаларының белсенді қатысушылары бар. Бес жыл ішінде лагерь 800-ден астам оқушыны қамтып, 100-ден астам спикердің қатысуымен жүзден астам білім беру және мәдени іс-шара өткізді.
Биылғы лагерь Ақмола облысының Ақкөл ауданында өтеді. Он күнге жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар үшін тренингтер, шеберлік сабақтары, мотивациялық кездесулер мен түрлі сала мамандарының дәрістері ұйымдастырылады.
El Umiti Camp 2026-ның басты тақырыбы – жасанды интеллект. Арнайы бағдарлама аясында оқушылар заманауи AI құралдарымен танысып, оларды тәжірибеде қолдану жолдарын меңгереді.
Сонымен қатар лагерьде ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінген. Қатысушылар асық атудан сынға түсіп, сазсырнайда ойнау бойынша шеберлік сабақтарына қатысады. Бұдан бөлек, қаржылық сауаттылық негіздерін игеруге мүмкіндік алады.
Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлының айтуынша, лагерь жастардың білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың тұлғалық қалыптасуына да ықпал етеді.
«El Umiti Camp – еліміздің талантты жастары үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Біз ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауды мақсат етеміз. Бүгінде жасанды интеллект өмірдің барлық саласына еніп келеді. Сондықтан өскелең ұрпақтың жаңа технологияларды еркін меңгеруімен қатар, өз мәдениеті мен ұлттық болмысын сақтай білуі аса маңызды. Осындай бастамалар болашақ көшбасшылардың қалыптасуына негіз болады», – деді Әлкей Марғұланұлы.
Лагерь аясында қатысушылар үшін мәдени-танымдық және ойын-сауық бағдарламалары да ұйымдастырылған. Сонымен қатар қазақстандық эстрада өнерпаздарының қатысуымен концерттік кеш өтеді.
Бүгінде «El Umiti» корпоративтік қоры жас ұрпақтың әлеуетін дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Қор бастамалары еліміз бойынша миллионнан астам бала мен жасты қамтып, олардың қабілетін шыңдауға және кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасап отыр.



