Мектеп бітіру кеші – 2026: елордалық ата-аналар мен түлектерге ескерту жасалды
Астанадағы білім беру ұйымдарында 18 маусым күні жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтеді. Осыған байланысты ата-аналар мен түлектер мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Түлектердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу шараларын өткізуге, сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға жол берілмейді.
Сондай-ақ аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру мен өткізу кезінде ата-аналарға, заңды өкілдерге немесе оқушыларға ақша, сыйлық, түрлі жарналар мен өзге де материалдық заттар жинауға қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
Мектеп бітіру кешінің басты құндылығы – қымбат мейрамхана мен мерекелік дастарқан емес. Оның шынайы мәні – ұстаздарға алғыс білдіру, мектеппен қоштасу, сыныптастармен ерекше естеліктерді бөлісу және болашаққа сеніммен қадам басу.
Ата-аналар мен түлектерді осы айтулы күнді жоғары мәдени деңгейде өткізуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өзара жауапкершілік танытуға шақырамыз.



