Елордада Х «Абай оқулары» байқауы басталды

Қазақстан Республикасы Президенттік Іс басқармасының Президенттік орталығы қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, қазақ классикалық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «X Абай оқулары» жыл сайынғы әдеби байқауын жариялайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Президент Қ.К. Тоқаев Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде «Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды», – деп атап көрсетті.
Президенттік орталық Абайдың әдеби мұрасын насихаттау, Қазақстан жастарының оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыру мақсатындағы «Абай оқулары» жобасын 2017 жылдан бері өткізіп келе жатыр.
Әдебиет байқауының шарттары:
1. Абайдың кез келген өлеңін мәнерлеп оқыған сәтін бейнеге түсіру (қазақ, орыс, ағылшын және басқа тілдерде);
2. Түсірілген бейнероликті Instagram немесе TikTok әлеуметтік желісінде #XAbay2026 хэштегімен жариялау;
3. Бір қатысушы (немесе команда) бір ғана шығарма ұсына алады;
4. +77052965396 WhatsApp нөміріне жарияланымның сілтемесін жіберу;
5. Байқауға өтініш 2026 жылғы 15 маусым – 30 қыркүйек аралығында қабылданады;
6. Байқау қорытындысын шығару және жеңімпаздарды марапаттау – 2026 жылғы 12-16 қазан аралығында.
Байқаудың қорытындысы бойынша қатысушылар арнайы дипломдар, алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталады. Байқауға қатысып, ақпаратпен әлеуметтік желілерде бөлісіңіздер!



