«Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз ел» акциясы аясында отбасылық тимбилдинг өтті
Елордада «Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз ел» республикалық акциясы аясында Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері отбасылық құндылықтарды нығайтуға, зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акция аясында елордалық саябақтардың бірінде полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен отбасылық тимбилдинг ұйымдастырылды. Қатысушылар бірлескен ойындарға, көңілді эстафеталарға, шығармашылық байқауларға, сондай-ақ «Менің әкем мен анам – ең үздік қызметкерлер» тақырыбындағы сурет салу байқауына қатысты.

Іс-шараның қорытынды бөлігінде «Полицей отбасы – сенімді тірек» атты концерттік бағдарлама өтті. Бағдарлама барысында шығармашылық қойылымдар ұсынылып, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған отбасылық белсенділіктер ұйымдастырылды.
Мұндай іс-шаралар құрметке, жауапкершілікке, өзара көмек пен қамқорлыққа негізделген отбасылық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында заңға бағынушылықты, мейірімділікті және айналасындағыларға деген сыйластықты қалыптастыруға бағытталған.



