Әлеумет

Мейірімді қоғам әр баланың жанайқайын естиді

Балаға жасалған әрбір қиянат оның ғана емес, қоғамның да келбетіне түскен дақ. Қорлау мен кемсітуді қалыпты құбылысқа айналдыру – болашақ ұрпақтың тағдырына немқұрайлы қарау деген сөз. Өкінішке қарай, кейде көзге көрінбейтін жан жарасы денедегі жарадан да ауыр болады. Сондықтан буллинг мәселесі тек мектептің қабырғасында қалып қоятын тақырып емес, ол әрбір ата-ананы, ұстазды және қоғам мүшесін толғандыруы тиіс өзекті мәселе. Осы мәселенің мәні мен маңызы жайлы Астана қаласындағы №8 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тынышбек Елтайұлымен сұхбаттастық.

— Тынышбек аға, қазіргі таңда буллинг мәселесінің қоғамда белең алып, балалардың тағдырына жағымсыз жағынан әсер етіп отырғаны алаңдатады. Бұл мәселенің негізгі себебі неде деп ойлайсыз?

— Балалар арасындағы буллингтің негізгі себебі – тәрбиенің әлсіреуі, әлеуметтік ортаның теріс ықпалы және рухани құндылықтардың төмендеуі деп санаймын. Баланың мінез-құлқы ең алдымен отбасында қалыптасады. Егер бала үйінде дөрекілік, агрессия немесе өзгені құрметтемеу сияқты әрекеттерді көрсе, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, айналасындағы адамдарға да солай қарым-қатынас жасауы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір балалар өздерін мықты көрсету немесе құрдастарының назарын аудару үшін әлсіздеу балаларды қорлайды. Бұл көбінесе өзіне деген сенімсіздік пен эмоцияларын дұрыс басқара алмаудан туындайды. Әлеуметтік желілердегі агрессия мен кибербуллинг те балалардың мінез-құлқына кері әсер етеді. Қазіргі таңда буллинг жаңа құбылыс емес, тек оның атауы өзгерді. Қазақ қоғамында да қорлау, мазақ ету, әлімжеттік жасау сияқты әрекеттер болғанымен, халық тәрбиесі мұндай мінездерді құптамаған. Керісінше, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ұят пен ар-намысты жоғары қою сияқты құндылықтар дәріптелген. Сондықтан буллингтің алдын алудың ең тиімді жолы – отбасындағы тәрбиені күшейту, мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысын арттыру, балаларға ұлттық мәдениет пен адамгершілік құндылықтарды үйрету. Сонда ғана біз бір-біріне құрметпен қарайтын, мейірімді әрі жауапты ұрпақ тәрбиелей аламыз.

  — Бір баланың көз жасы еленбей қалса, бұл кімнің жеңілісі?

— Бұл – тек сол баланың ғана емес, бүкіл қоғамның жеңілісі. Баланың көз жасы оның көмек сұраған үнсіз дабылы болуы мүмкін. Егер оны ешкім байқамаса немесе байқағанымен әрекет етпесе:

— ата-ана өз міндетін толық атқармаған болады;

— мектеп қауіпсіз орта қалыптастыра алмаған болады;

— құрдастары адамгершілік таныта алмаған болады;

— қоғам баланың құқығын қорғай алмаған болады. Бір баланың жылауы – жеке мәселе емес. Өйткені бүгін көмек ала алмаған бала ертең өзіне деген сенімін жоғалтуы, психологиялық жарақат алуы немесе қоғамнан оқшаулануы мүмкін. Сондықтан баланың көз жасына бейжай қарау – барлығымыздың ортақ жауапкершілігімізден бас тарту деген сөз.

— Буллингке қарсы күресте біз мәселені шешіп жүрміз бе, әлде салдарымен ғана күресіп жүрміз бе?

— Көп жағдайда біз салдарымен күресеміз. Әдетте буллинг оқиғасы болғаннан кейін ғана әрекет басталады: жиналыс өткізіледі, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, кінәлілер анықталады. Бірақ бұл жағдайдың алдын алмайды. Мәселені түбегейлі шешу үшін мектепте сенімді психологиялық орта қалыптастыру, балаларды эмоцияны басқаруға үйрету, эмпатия мәдениетін дамыту, ата-аналармен тұрақты жұмыс жүргізу және мұғалімдердің буллинг белгілерін ерте анықтай алуын қамтамасыз ету қажет. Осы орайда мен Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейдің психологы Эльмира Бақтыбайқызының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол әр оқушының жан-дүниесін түсінуге тырысып, олармен ашық сөйлесіп, сенімге негізделген қарым-қатынас орната біледі. Балалар қуанса бірге қуанып, қиналса қолдау көрсетіп, әрдайым жанынан табылады. Осындай жанашырлық пен кәсіби қолдаудың арқасында оқушылар арасындағы түрлі келеңсіз жағдайлар мен қауіптердің алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Егер біз тек оқиға болғаннан кейін ғана әрекет етсек, онда салдарымен ғана күресіп жүргеніміз анық. Сондықтан буллингтің алдын алу – бүкіл мектеп қауымдастығының ортақ міндеті. Ал бұл жұмыста мектеп психологының рөлі ерекше маңызды.

 — Бір баланың үнсіз жылауы қоғам үшін дабыл емес пе?

— Әрине, бұл – үлкен дабыл. Өкінішке қарай, көп жағдайда балалар өз басындағы қиындықтарды ашық айтып, көмек сұрай бермейді. Олар ішкі жан дүниесіндегі ауыртпалықты үнсіз көтереді. Буллингке ұшыраған бала көбіне үндемейді, мектепке барғысы келмейді, бұрынғыдай ашылып сөйлеспейді, оқу үлгерімі төмендейді, достарынан алшақтап, жалғыздықты таңдайды. Ал біз кейде осының бәрін жай ғана мінездің өзгеруі деп қабылдап, баланың жанайқайын естімей қаламыз. Уақытында байқалмаған мұндай қиындықтар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Бүгінгі сананы тұрмыс билеген қоғамда көптеген ата-аналар таңнан кешке дейін отбасының нәпақасын табу үшін еңбек етеді. Оларды кінәлауға болмайды. Дегенмен дәл осындай жағдайда ата-анасының ауыртпалығын бөлісіп, бала жастан еңбекке араласып кеткен балаларды да көріп жүрміз. Бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндердің өмірдің тауқыметін ерте тартып, үлкендердің жауапкершілігін көтеруі – ойланарлық жағдай. Балалық шағы алаңсыз ойын мен білімге толуы тиіс балалардың кейде тіршіліктің қамымен ерте есейіп кететіні жүрекке ауыр тиеді. Одан да ауыр тағдырларды бастан кешіріп жүрген балалар бар. Кейбірі отбасындағы зорлық-зомбылықтың куәсі болады немесе өзі соның құрбанына айналады. Кейбірі өгей әке мен өгей шешенің мейірімін емес, қаталдығын көреді. Үйден жылу таппаған бала көшеден жұбаныш іздейді. Тіпті кейбір балалардың үйінен қашып кетуі де осының салдары. Бұл – бір отбасының ғана мәселесі емес, бұл – тұтас қоғамның мәселесі. Баланың үнсіз жылауы көбіне көзге көрінбейді. Бірақ оның әрбір көз жасының артында қорқыныш, жалғыздық, шарасыздық пен үмітсіздік жатады. Сондықтан қоғам болып балалардың жан дүниесіне бейжай қарамауымыз керек. Бір ауыз жылы сөз, бірсәттік қамқорлық, дер кезінде көрсетілген қолдау кейде бір баланың тағдырын түбегейлі өзгертіп жібереді. Баланы шеттетпей, оның қолынан ұстап, қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіре алсақ, ол өзіне деген сенімін жоғалтпайды. Ертең елдің тізгінін ұстайтын, халыққа қызмет ететін, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің биігіне шығатын азаматтардың бәрі – бүгінгі балалар. Сондықтан әр баланың тағдырына жауапкершілікпен қарау – болашаққа жауапкершілікпен қарау деген сөз. Бүгін көз жасы сүртілген бала ертең өзгенің көзжасын сүртетін азамат болып өседі. Бүгін демеу көрген бала ертең қоғамға демеу болатын тұлғаға айналады. Ұлттың болашағы зәулім ғимараттармен, қымбат жобалармен емес, бақытты балалармен өлшенеді. Егер қоғам әр баланың жанайқайын естіп, мұңын бөлісіп, қамқорлық көрсете алса, онда біз тек жақсы қоғам ғана емес, мейірімді қоғам құра аламыз. Өйткені бір баланың күлкісі – қоғамның қуанышы болса, бір баланың үнсіз жылауы – бүкіл қоғамға берілген дабыл. Баланың үнсіз жылауы – қоғамның үнсіз қалған ар-ұяты. Оның көз жасын көре алмаған қоғам өз болашағын жоғалтады.

 — Неге біз баланың бағасына алаңдаймыз, бірақ оның көңіл-күйіне мән бере бермейміз?

— Қоғамда ұзақ уақыт бойы баланың жетістігі көбіне оның бағасы мен оқу нәтижесі арқылы бағаланып келді. Сол себепті ата-аналар баладан жиі: «Қандай баға алдың?» деп сұрайды. Ал «Өзіңді қалай сезініп жүрсің?» деген сұрақ сирек қойылады. Бағаны көру, өлшеу және басқа балалардың нәтижелерімен салыстыру оңай. Сондықтан оған көбірек назар аударылады. Ал баланың көңіл-күйі, ішкі сезімі мен жан-дүниесіндегі өзгерістер бірден байқала бермейді. Дегенмен, жақсы баға әрдайым баланың психологиялық саулығын көрсетпейді. Кейбір балалар жоғары нәтиже көрсеткенімен, қорқынышта жүруі, күйзеліске түсуі немесе құрдастары тарапынан қысым мен буллинг көруі мүмкін. Шын мәнінде, баланың эмоционалдық жағдайы оның өмірінің көптеген салаларына әсер етеді. Ол баланың оқу үлгеріміне, достарымен қарым-қатынасына және болашақтағы тұлғалық дамуына тікелей ықпал етеді. Өзін бақытты, қауіпсіз әрі қолдауда сезінетін бала оқуға да ынталы болады, өз мүмкіндіктерін де жақсырақ аша алады. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер баланың бағасына ғана емес, оның көңіл-күйіне, сезімдеріне және эмоционалдық саулығына да ерекше мән беруі қажет. Өйткені тәрбиелі, өзіне сенімді және бақытты бала – кез келген жоғары бағадан әлдеқайда маңызды.

— Егер әрбір буллинг оқиғасы ашық жарияланып отырса, қоғамның көзқарасы өзгерер ме еді, қалай ойлайсыз?

— Иә, егер әрбір буллинг оқиғасы жарияланып, ашық талқыланып отырса, қоғамның көзқарасы өзгеруі мүмкін. Мектеп өмірімен байланыстыратын болсақ, буллинг жағдайлары жасырын қалмай, мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар тарапынан назарға алынар еді. Бұл оқушылардың буллингтің зиянын тереңірек түсінуіне көмектесіп, мұндай әрекеттерге төзбеушілік қалыптастырады. Мысалы, мектепте бір оқушыны мазақтау немесе кемсіту оқиғасы ашық қарастырылса, басқа оқушылар оның қандай психологиялық зардаптарға әкелетінін көріп, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарай бастайды. Сонымен қатар, жәбірленушілер көмек сұраудан қорықпайды, өйткені олардың мәселесіне бейжай қарамайтынын біледі. Дегенмен, буллинг оқиғаларын жариялау кезінде жәбірленушінің жеке құқығы мен қауіпсіздігін сақтау маңызды. Егер бұл дұрыс ұйымдастырылса, мектепте өзара сыйластық күшейіп, қоғамда буллингке қарсы көзқарас қалыптасар еді. Мен ұстаз ретінде әрбір оқушының тағдырына бейжай қарай алмаймын. Себебі сыныптағы әр бала – болашақтың иесі, ертеңгі елдің азаматы. Бүгін қоғамнан шетқақпай көріп жүрген, жанайқайын ішіне бүгіп жүрген балаға қолдау көрсетіп, оған сенім сыйлай алсақ, ол ертең өз орнын табатын, елге қызмет ететін тұлға болып қалыптасады. Ұстаздың міндеті – тек білім беру емес, баланың жүрегіне жол табу, оның жан дүниесін түсіну және қиын сәтте жанынан табылу. Өйткені балаға берілген мейірім мен қамқорлық – қоғамның ертеңіне салынған ең құнды инвестиция. Бақытты бала – мықты қоғамның, ал мықты қоғам – жарқын болашақтың кепілі.

Осы сұхбатты пайдаланып, ағалық ілтипатпен Аружан қарындасыма өз рақметімді айтқым келеді. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамен талай дәмдес болып, батасын алған едім. Сол кісінің «журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деген сөзі бар. Өзіңіздей қаршадай бойжеткеннің қазақ сөзінің қадірін түсініп, үлкен жауапкершілік жүктелетін осы мамандықты таңдауыңызға зор ризашылығымды білдіремін.

-Салиқалы сұхбатыңызға көп рақмет айтамын!

 Сұхбаттасқан Аружан ЖАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенті

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button