Алматы ауданында жаңа гүлзар ашылды
Астанада Қошқарбаев даңғылындағы жаңа гүлзар қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған аумақта ауқымды абаттандыру жұмысы жүргізілді. Жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, тіреу қабырғалары салынды, арнайы демалыс аймағы жасақталып, шағын сәулет нысандары орнатылды.
Жобаны жүзеге асыру барысы туралы елорданың Алматы ауданы бойынша абаттандыру бөлімінің басшысы Данияр Қожахметов айтып берді.
«Бұл гүлзарды Урбанистика орталығымен бірлесіп әзірледік, аудан басшылығымен келісіп, үш апта ішінде аштық. Өткен жылы 15 қоғамдық кеңістікті абаттандырсақ, биыл 10 нысанды жоспарлап отырмыз. Оның төртеуі, оның ішінде осы гүлзар да пайдалануға берілді. Қалғаны бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деді Данияр Қожахметов.

Гүлзардың ашылу рәсіміне Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболат қатысты.
Жергілікті тұрғын Ардақ Аринованың айтуынша, атқарылған жұмыс өздері күткеннен де асып түскен.
«Демалуға өте жайлы орын болды. Тұрғындар мұнда жасалған дүниелерге ұқыпты қарайды деп сенемін. Қаламыз гүлдене берсін. Осындай қысқа мерзімде жайлы демалыс орнын салып берген барлық азаматқа алғыс айтамын», – деді ол.
Ашылу салтанаты мерекелік әрі ерекше көңілді жағдайда өтті. Балалардың көңілін көтеру үшін алып ақ аю бейнесіндегі қуыршақ арнайы шақырылды. Кейіпкердің пайда болуы бүлдіршіндерді ерекше қуантты. Мереке барысында балаларға тәттілер мен балмұздақ таратылды.



