Алғаш рет Астанада ROBOCOACH CUP 2026 чемпионаты өтті

Астанада алғаш рет ROBOCOACH CUP 2026 робототехника және информатика пәні мұғалімдерінің алғашқы республикалық чемпионаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астанада робототехника және информатика пәні мұғалімдеріне арналған алғашқы ашық республикалық чемпионат – ROBOCOACH CUP 2026 өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер қатысып, робототехника мен STEM- заманауи білім беру жүйесінің маңызды бағытын ортаға салды.

Педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, білім беру робототехникасын кеңінен насихаттау және тәжірибе алмасуға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында өткен чемпионатта Lego Line Following, Триатлон және Басқарылатын сумо (1 кг) бағдарламасы бойынша сынға түсті. Қатысушылар роботтарды құрастыру, бағдарламалау және басқару бойынша өз шеберліктерін сынап, түрлі техникалық тапсырмаларды орындады. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің инженерлік ойлау қабілетін жетілдіруге және заманауи технологияларды білім беру үдерісінде тиімді қолдану тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ROBOCOACH CUP 2026 – педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, білім беру саласындағы инновациялық технологияларды дамытуға серпін беретін маңызды алаң. Сонымен қатар бұл бастама еліміздегі робототехника қозғалысын дамытуға және мұғалімдердің кәсіби қауымдастығын нығайтуға бағытталған.

Айта кетейік, чемпионатты ұйымдастыруға AZ GROUP халықаралық білім беру компаниясы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы және Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы ұйытқы болып отыр.




