Дүниежүзілік нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай айлық өткізіледі
Астанада 25 мамыр мен 26 маусым аралығында Дүниежүзілік нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған айлық өткізіледі. Осы ауқымды жұмыс аясында қала әкімдігі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау құрылымдарымен, білім беру ұйымдарымен және жастар бірлестіктерімен бірлесіп, жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін іске асырады. Нашақорлыққа қарсы айлықтың барысы туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық бөлімінің басшысы Фарида Төлешева, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Омар Байтук айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикерлердің ақпараты бойынша, айлықтың негізгі мақсаты – есірткі тұтыну мәселесіне қоғам назарын аудару және халықты профилактикалық іс-шаралармен қамтуды кеңейту.
Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Қибатқызы Әлияның айтуынша, қазіргі жағдайда есірткіні жанасусыз (байланыссыз) өткізу 90%-ды құрайды, сондықтан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тәсілдері өзгеріп, онлайн-сату арналарын анықтау мен жолын кесуге баса назар аударылып отыр.
Осылайша, жастар арасында ерекше танымал 594 есірткі сайты бұғаттауға жіберіліп, күдікті операциялары бар 399 карта бұғатталды, 432 есірткі құқық бұзушылығы, соның ішінде 144 өткізу фактісі анықталды.

«Балалар мен жасөспірімдер үшін салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Халықаралық балаларды қорғау күні, 1 маусымда «Бақытты балалық шақ» атты асфальтта сурет салу байқауы өтеді. Сондай-ақ, аула клубтарының тәрбиеленушілері арасында «Спорт – есірткіге қарсы» каратэ турнирі ұйымдастырылады. 6 маусымда «Есірткі – болашақтың басты жауы» атты суреттер байқауы, сонымен қатар аула клубтарының тәрбиеленушілері арасында шахмат турнирі өтеді. 13 маусымда Нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған қалалық хореографиялық өнер байқауы, ал 20 маусымда аула клубтарының тәрбиеленушілері арасында қалалық домбырашылар байқауы өтеді», – деп хабарлады Омар Байтук.
«ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы аясында 6, 7, 22 және 25 маусымда елорданың төрт ауданында есірткі граффитилерін анықтау және оларды бояп тастау бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – есірткі заттарының заңсыз жарнамасын жою және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жастармен есірткінің зияны туралы хабардарлықты арттыруға және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған офлайн-кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
Елордадағы нашақорлыққа қарсы айлық қоғам назарын нашақорлық мәселесіне аударуға, негізгі қауіп-қатер тобы – жасөспірімдер мен жастардың мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттілігіне, салауатты өмір салтын ұстанудың тұрақты қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ есірткіге тәуелді жандарға қажетті медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады.



