Бүгін Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияда Amanat партиясынан Сарайшық ауданындағы №4 бірмандатты округтен қалалық мәслихатқа депутат болып сайланған Мадина Берікболқызы Әжікенова халықпен кездесіп, 3 жыл бойы атқарған жұмысы бойынша есеп берді.
Жиын басталғаннан-ақ халық қалаулысының тұрғындармен әр кездесуі шынайы, ашық өтетінін көрдік. Мадина Берікболқызы өзінің осы уақыт аралығында атқарған жұмысы жөнінде егжей-тегжейлі есеп берді. Қазіргі кездегі аудан аумағындағы түйткілді мәселелерді де рет-ретімен көтеріп, олардың шешілу жолдарын түсіндірді.

Расында да үш жылда қыруар іс тындырылған. Сарайшық ауданының №4 сайлау учаскесінде 200-ден астам тұрғын үй кешендерінің 80-іне арнайы барып, 12-ден аса есеп беру кездесулерін өткізген. Тұрғындарды негізінен баспана мәселесі, соның ішінде тұрғын үй кешенінің құжаттарын реттеу және жөндеу жұмыстары, аулаларды абаттандыру, ойын алаңын салу, балабақша, мектеп, спорт кешендерінің жетіспеушілігі, жол жөндеу, автобустардың аздығы мен аялдамалардың жоқтығы сияқты мәселелер алаңдатады. Айтпақшы, осы жиында Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп ғимаратының оқушыларға тарлығын айтып, осы мәселені қалалық әкімдік деңгейінде көтеріп, өз ұсынысының алдағы уақытта орындалатынын қуана жеткізді. 2026 жылдың қараша айында мектепке қосымша ғимараттың құрылысы басталатынын құзырлы мекеме өкілдері депутатқа берген жауабында айтыпты. Тұрғындар мұндай жаңалықты қол шапалақтап, қуанып қарсы алды.

Халық қалаулысы қоғамдық қабылдауларда 100-ден астам адамды қабылдаған, одан бөлек Amanat партиясының қалалық филиалында 50-ге жуық азаматттарды жеке қабылдап, мұң-мұқтажына құлақ түрген.
«Менің негізінен екі қанатым бар: бірі – ардагерлер, екіншісі – жастар. Үнемі үлкендердің сөзіне құлақ асып, батасын аламын, ал жастармен күнделікті кездесіп, өзекті мәселелерді ашық талқылаймыз» деді Мадина Берікболқызы.

Сондай-ақ, қоғамдық жұмыспен белсенді түрде айналысатын халық қалаулысы іскерлік, жауапкершілік, қайырымдылық деген құндылықтарға да құрметпен қарап қоймай, іс жүзінде үлес қосып жүр. Соның бір дәлелі, «Мектепке жол» жобасы аясында 200-ден астам балаға рюкзактарды өз есебінен сатып әперген. Мадина Әжікенова үш жылда 200-ге жуық депутаттық сауалдар жолдап, қарапайым тұрғындардың көкейіндегі ең өзекті, маңызды мәселелерді көтерген. Осыншама жұмысты әйел заты бір өзі қалай атқарып жүр? Өйткені оның басты ұстанымы — шынайылық, адалдық, ұқыптылық, жауапкершілік, жаңашылдық. Мадина Берікболқызы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыруға да ерекше көңіл бөледі.

«Ештеңе оқымамаған адам ештеңе ойланбайды да» деген бір данышпанның сөзі бар. Күнделікті кітап оқуға уақыт бөліп, кем дегенде 10 бет көркем шығарма оқимын. Осы орайда бала жүрегіне жол тапқан көркем шығармалардың бірінің авторын бүгінгі кездесуге арнайы шақырдым. Ол – Төлен Тілеубай» деп таныстырып, құрметті қонағына сөз берді.

Кітап авторы өркениетті, озық ұлтқа айналуымыз үшін, ең алдымен жас ұрпақтың бойына туған жерге, елге деген сүйіспеншілік дәнін себетін көркем шығармаларды оқыту керектігін тілге тиек етті. Кездесу соңында мәслихат депутаттары Мадина Әжікенова мен Бекзат Досханұлы Т. Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабын аталған мектеп кітапханасына тарту етті.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



